RU
Толық нұсқаға өту

Ауыл шаруашылығы өнімі жеті жылда екі есе өсті: салаға 1,5 трлн теңге бағытталды

20.11.2026, 14:32 18

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі соңғы жеті жылда екі есеге жуық өсті. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 9 триллион теңгеге жеткен. Саладағы өсімге шаруалардың еңбекқорлығы, заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау және инвестиция тарту ықпал етіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Вице-министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімінің артуына бірнеше фактор әсер еткен. Соның ішінде шаруалардың жаңа технологияларды игеруге деген ынтасы мен мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.

Жаңа инвестициялар мен инвесторлардың келуі дамыған технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп жатыр. Осының барлығы айналып келгенде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтуға септігін тигізуде, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Қазір мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 1,5 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде көктемгі егіс науқандарына бөлінетін қаражат 1 триллион теңгеге жуықтаса, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 300 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Ал мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарлама аясында 150 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталып отыр.

Субсидия алу цифрландырылды

Министрлік мемлекеттік қолдауды ұлғайтумен қатар, оны шаруаларға қолжетімді етуді де көздейді. Осы мақсатта субсидия беру рәсімдері цифрландырылып, GosAgro ақпараттық жүйесі іске қосылған.

Енді шаруалар қажетті құжаттарын электронды түрде тапсырып, мемлекеттік субсидияларды онлайн ала алады. Несиелендіру саласында да құжат қабылдау, тексеру және мониторинг жүргізу процестері цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

Бұдан бөлек, қаржыландыру көздерінің саны артқан. Бұрын шаруалар негізінен Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржы алса, қазір жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, кредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктерді қосқанда, алты түрлі қаржыландыру тетігі жұмыс істейді.

Біз қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, оны шаруаларға жеткізу механизмдерін де жеңілдетіп, оңтайландырып жатырмыз. Бүгінде мемлекеттік қолдаудың 90 пайыздан астамы шағын және орта шаруа қожалықтарына тиесілі, – деді вице-министр.

Үш жылда 410 инвестициялық жоба жүзеге асады

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту да негізгі басымдықтардың бірі. 2026–2028 жылдарға арналған жол картасы бойынша 410 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Биылдың өзінде 1,3 триллион теңге көлеміндегі 160 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазіргі уақытта оның 73-і іске асырылып жатыр. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 680 миллиард теңгені құрайды, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Сонымен қатар биылғы алты айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығына 6 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін тағы ұлғайту көзделіп отыр.

Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанға қытайлық, еуропалық және америкалық инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Бұған елдегі инвестициялық ахуал мен ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау әсер еткен.

Астық өнімділігі 15 центнерден асты

Егін шаруашылығында өнімділікті арттыру үшін агротехнологияларды сақтау, сапалы тұқым пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және заманауи техникаларды қолдану маңызды. Мәселен, соңғы жеті жылда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 11 центнерден 15 центнерден жоғары деңгейге жеткен.

Бұған агротехнологиялардың жақсаруы мен минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемінің артуы ықпал еткен. Қазір ғылыми негізделген минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейі 65 пайызға жеткен. Ал 27 жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 20 пайыз болған, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Техника паркін жаңарту да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 6,5 пайызы жаңартылуда. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізу міндетін қойған.

Су үнемдеу технологияларына басымдық беріледі

Ауыл шаруашылығындағы маңызды бағыттардың бірі – суды тиімді пайдалану. Әсіресе Орталық Азияда су тапшылығы мәселесінің өзектілігі артып келе жатқандықтан, су үнемдеу технологияларын енгізу қажеттілігі күшейген.

Осы мақсатта Қазақстанда кемінде 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу міндеті қойылған. Бұл бағытта шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, халықаралық компаниялармен әріптестік орнатылып жатыр, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Мәселен, Valmont корпорациясы Қазақстанда су үнемдеу технологияларын өндіру бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар қытайлық және еуропалық компаниялар да отандық нарыққа қызығушылық танытып отыр.

Астықты шикізат күйінде емес, өңдеп экспорттау көзделген

Ауыл шаруашылығындағы тағы бір басым бағыт – өнімді терең өңдеу. Қазақстан астық өндіруден әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарында болғанымен, экспорттың едәуір бөлігі әлі де шикізат түрінде жүзеге асырылады.

Сондықтан министрлік астықты терең өңдейтін жаңа кәсіпорындарды іске қосуға басымдық беріп отыр. Бұған дейін елде осындай үш кәсіпорын жұмыс істеп, олардың жалпы өңдеу қуаты жылына 500 мың тоннаны құраған, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Енді қосымша алты жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың жалпы жобалық қуаты жылына 6 миллион тоннаға жуық астықты терең өңдеуге мүмкіндік береді.

Соның бірі – Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан қытайлық Fufeng корпорациясының жобасы. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге бағытталған. Алдағы үш-төрт жылда компания өңдеу қуатын 3 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Екінші жоба Түркістан облысында қолға алынған. «Қазкрахмал» кәсіпорны жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдей алады. Бұл оңтүстік өңірлерде жүгері шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астанада астықты терең өңдеу жобалары әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, дайын азық-түлік өнімдерінің үлесін көбейту, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz