Экономиканы әртараптандыру жемісін беріп жатыр.
Туризм де маңызды драйверге айналды. Биыл осы саладан қазынаға 303 млрд теңге салық түсті. Инвесторлар да біздің елде туристік нысандар салғысы келеді.
Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде 110 елдің ішінде 56-орынға тұрақтады. Бұл рейтинг саланың кем-кетігі азайып, әлеуеті артып келе жатқанының айғағы.
Елдегі жалпы салықтық түсімнің 2 пайызын туризм қамтып отыр. Биыл қазынаға 303 млрд теңге түсті. Туризм және спорт министрі инвесторлардың белсенділігі жылдан жылға артып жатқанын айтады. Қаңтар-қыркүйек аралығында негізгі капиталға 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 68%-ға көп. Қомақты қаражат жаңа қонақүйлер салуға, демалыс базалары мен туристік нысандарды жаңғыртуға жұмсалды. Биыл жалпы құны 19 млрд теңгеден асатын 15 жоба аяқталған. Жыл аяғына қарай 159 млрд теңгеге салынып жатқан 38 нысан пайдалануға беріледі.
Шетелдік туристер елде 1,5 млрд қалдырды
Соның жемісі болар, елге қызығып келетін турист саны артты. Биыл орналастыру орындарында 173 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл 15 пайызға көп. Лайықты қызмет көрсету үшін әлбетте, білікті маман қажет. Олардың қатарын Түркістан өңіріндегі Туризм және меймандостық университетінің түлектері толықтырады. Әзірге салада жарты миллионнан көп адам еңбек етіп жатыр. Бұл жалпы жұмыс күшінің 6 пайызына тең. Шетелдік туристер елге 1 жарым млрд доллар қалдырды. Былтырғы көрсеткіш 3 млрд долларға жуықтаған ед.
Қазақстан туризм рейтингінде 56-орында тұр
Жалпы жазғы туризм маусымы сәтті өтті. Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде 56-орынға тұрақтағынымызды айтты. 7 ұпайдың төртеуін алдық. Жетілдірер тұсымыз көп. Дегенмен, Орталық Азиядағы көшбасшымыз. Мәселен, Өзбекстан 76-орында, Қырғызстан 110 елдік рейтингте 93 орынға жайғасты. Сарапшылар мемлекеттердің туризмді дамытуға қалай ден қойғанын саралаған. Бас-аяғы 102 көрсеткіш назарға алынды. Соның ішінде көлік, қонақ үй, қауіпсіздік, қонақжайлық және экология ахуалы бар. Талапқа толықтай сай шыққан елдер көшін Жапония, АҚШ және Испания бастады.
Travel & Tourism Development Index 2026
Жапония - 5,27 ұпай
АҚШ - 5,23 ұпай
Испания - 5,22 ұпай
Қазақстан - 4,09 ұпай
Қырғызстан - 3,44 ұпай
Өзбекстан - 3,69 ұпай
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Туризмнің халыққа баға жағынан жеткілікті жағынан біз әлемде 2-нші позицияда тұрмыз. Виза режимі бойынша 5-орындамыз дегендей. Әлеуметтік-экономикалық жағынан туризмнің 7-орындамыз. Жалпы көрсеткіш жаман емес деп ойлаймын. Бірақ түсіп кету позициясы, сол басқа елдерде визаның толық алып тасталуына байланысты.
Ішкі туризм өркендеп келеді
Кейінгі жеті жылда ішкі туризм саласына салынған инвестиция көлемі 2 жарым есе өсті. Қонақ үй мен мейманханалар қызметін пайдаланған жергілікті туристер саны 85%-ға артты. Көрсеткіш еселенеді. Өйткені қазір ішкі туризм саласындағы туроператорлар қосылған құн салығын төлемейді. Курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады. Биыл да орналастыру орындарына сұраныс айтарлықтай өскен. Жарты жылда 5 млн адамға қызмет көрсетілді. Оның 4 млн-ы жергілікті турист.
Инна Рей, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы:
- Ішкі туризм өсіп жатыр. Бір жағынан 7-8 сағаттық ұшып қону біздегі отбасылар үшін қиын болуы мүмкін. Өйткені балаларымен демалады. Дегенмен, әуе компаниялары жайлы жағдай жасауға тырысып жатыр. Негізі қазақстандықтардың көбі ел ішінде өз көлігімен саяхаттағанды жөн көреді. Кәсіпкерлер де шағын үйлерді салып, қызмет көрсетуге көшіп жатыр. Туристік агенттерге жүгінуді ұмытпаңыз. Өйткені лайықты демалысты ұйымдастыруға көмектеседі.
Иә, ел ішінде жұрт қызығар сырлы, нулы, сұлу жерлер өте көп. Ақжолтай жаңалық айта кетейін, Алматы шаһары 2027 жылғы үздік 20 бағыттың қатарына енді. Бұл Орталық Азиядағы жалғыз бағыт. Британия басылымы әсіресе Іле Алатауын аралауға кеңес берген. Онда заманауи өнер, қолөнер және дала асханасы тоғысқаны баяндалыпты. Үздік 20-ның ішінде Франция, Италия, Канада, Жаңа Зеландия елді мекендері де көрініс тапқан.
Тегтер #Қазақстан #туризм #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz