Ұлытау облысында су нысандарын қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазір өңірдегі 13 тоған, бөгет пен су қоймасы арнайы коммуналдық кәсіпорынның қарауына берілген. Алдағы екі жылда тағы 9 тоғанды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлытау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Абзал Ахметбеков «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Бұл жұмыстар елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге, мал шаруашылығын дамытуға және су тасқынының алдын алуға бағытталған.
Абзал Ахметбековтің айтуынша, облыс құрылғаннан бері жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде өңірде 100-ден астам көл, 1000-нан астам өзен және 25 гидротехникалық нысан бар екені анықталған. Оның ішінде 8 су қоймасы, 15 бөгет, бір дамба және бір тоған бар.
Бұл нысандар өңірдегі су қорын жинақтап, сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердегі мал шаруашылығын одан әрі дамытуға үлкен әсерін тигізіп отыр, – деді Абзал Ахметбеков.
Қазір облыстағы шағын су нысандарына да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «Ұлытау су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылып, оның қарауына 13 тоған, бөгет және су қоймасы берілген.
Мәселен, 2023 жылдан бері Жаңаарқа ауданындағы Манақ және Шалғия су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізіліп, нысандар халық игілігіне берілген. Ал биыл Бидайық су қоймасын жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір жобаның орындалу көрсеткіші 45 пайызды құрайды.
Басқарма өкілінің сөзінше, бұл жұмыстар жақын маңдағы елді мекендерді сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, су тасқынының алдын алуға да септігін тигізеді.
Алдағы жоспар бойынша 2027 жылы төрт тоғанды, 2028 жылы тағы бес тоғанды жөндеу көзделген. Қазір бұл нысандардың сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар кеңес дәуірінен қалған су нысандарын қалпына келтіру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Соның бірі – Жаңаарқа ауданындағы Сәкен ауылында орналасқан Бекем тоғаны. Бұған дейін суы ағып кеткен нысан басқарманың қарауына алынған.
Бірінші кезекте елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізуіміз керек. Содан кейін жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Бекем тоғаны да басқарманың теңгеріміне алынып, оны қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізіледі, – деп атап өтті Абзал Ахметбеков.
Жалпы, өңірдегі су нысандарын жаңғырту ауыл шаруашылығының дамуына, елді мекендердің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи экожүйені сақтауға мүмкіндік береді.
Тегтер #Ұлытау облысы #маңызды #су нысандары #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz