Елде 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіретін компаниялармен жиынтық сомасы 800 млрд теңгеге жуық 104 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл тетік отандық өндірісті дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және бұрын елімізде шығарылмаған өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомствоның мәліметінше, мұнай-газ саласында да осындай 109 келісімшарт бекітілген. Олардың құны 3 млрд теңгені құрайды. Ал «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндіріс орындарын ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңгеге 1 400-ден астам офтейк-келісімшарт жасалған.
Осы келісімдер негізінде бірқатар өндіріс жобасы жүзеге асырылды. Мәселен, KSP Steel компаниясы 7,5 млрд теңгеге мұнай-газ саласына арналған құбырлар өндірісін іске қосты. Ал Asia Trafo компаниясы 40 млрд теңгеге энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен реакторлар шығаратын кәсіпорын құрды. Барлығы аталған жобаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар отандық өнімге сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алуда қазақстандық тауарларға басымдық беріліп келеді. Биылғы жарты жылда ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың сатып алуларына жұмсаған 7,5 трлн теңгеден астам қаржысы отандық жеткізушілерге тиесілі болған. Бүгінде мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізіміне 5 мыңнан астам өнім енгізілген, ал отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттар саны 169 мыңға жуықтады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #экономика ##маңызды@Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz