Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жеті жылда орналастыру орындарының қызметін пайдаланатын ішкі туристер саны 84,4 пайызға артты, деп хабарлайды «24KZ».
2019 жылы бұл көрсеткіш 4,7 млн адам болса, 2025 жылдың қорытындысында 8,66 млн адамға жетті. Ал 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Туристер ағынының артуы саланың экономикалық көрсеткіштеріне де оң әсер еткен. 2019 жылдан бері туризм саласынан түсетін салық көлемі 160 млрд теңгеден 630 млрд теңгеге дейін өсті. Салада жұмыспен қамтылғандар саны 460 мыңнан 650 мың адамға жетті. Ал орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 121 млрд теңгеден 350,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Қонақүй инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. 2019 жылы елімізде 3 592 орналастыру орны болса, 2025 жылы олардың саны 4 482-ге жетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 4 687 нысанды құрады. Қазір ел бойынша төсек-орын саны шамамен 243 мыңға жеткен. Нарықта Hilton, Marriott, Accor секілді халықаралық қонақүй желілері кеңейіп, отандық брендтер де дамып келеді.
Туризм саласына инвестиция тарту көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2019 жылғы 502 млрд теңгеден 2025 жылы 1,26 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 2,5 есеге артты. Былтыр жалпы құны 345 млрд теңге болатын 95 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.
Инвесторлар мен туристік бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдаудың жеті тетігі ұсынылған. Оның ішінде туристік нысандарды салу және жаңғырту, туристік автобустар мен тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу, жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қарастырылған. Сонымен қатар кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі.
Туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыру үшін көлік инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Кендірлі, Катонқарағай және Зайсан өңірлерінде үш жаңа әуежай салу жобалары жүзеге асырылуда. Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында жаңа әуежай терминалдары іске қосылған.
Бұдан бөлек, еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы қолға алынған. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша 72 нысандағы жұмыс аяқталған.
Туристік аймақтарда санитариялық-гигиеналық жағдайды жақсарту да назарда. 2021–2025 жылдары елімізде 483 санитариялық-гигиеналық торап орнатылып, өткен жылы курорттық аймақтарда 10-ға жуық жағажай абаттандырылды. Қазір Қазақстанда 23 визит-орталық пен 11 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді.
Экологиялық туризмге қызығушылық та артып келеді. Ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2019 жылғы 1,38 млн адамнан 2025 жылы 3,6 млн адамға дейін өскен. Бұл – 2,6 еселік өсім. Сонымен қатар биыл қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалардың ұлттық парктерге тегін кіруі көзделген.
Оқиғалық туризм де саланың маңызды бағыттарының біріне айналды. 2026 жылы министрліктің үйлестіруімен 55 ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 43-і ұйымдастырылып, оған 1 миллионнан астам адам қатысқан. Іс-шаралардың ақпараттық қамту көрсеткіші 250 миллион пайдаланушыдан асқан.
Саланы дамыту үшін білікті мамандар даярлау жұмыстары да жүргізілуде. Қазір еліміздегі 60-тан астам жоғары оқу орнында туризм саласына қажетті мамандар дайындалады. Бейіндік білім беру бағдарламалары бойынша 15 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2 772 студент пен магистрант оқиды.
Қазақстанның халықаралық туристік рейтингтегі көрсеткіші де жақсарған. 2024 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексінде еліміз 14 сатыға көтеріліп, 119 мемлекеттің арасында 52-орынға тұрақтады.
Жалпы, туризм саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы алты бағыт бойынша 66 іс-шараны қамтиды. Алдағы уақытта көлік қатынасын жақсарту, туристік инфрақұрылымды кеңейту, инвестиция тарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық болмақ.
Мақсат – 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллионға жеткізіп, Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде одан әрі арттыру.
Тегтер #турзим #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz