Қазақстанның алдағы 10-20 жылдағы даму бағытын айқындау, жаһандық өзгерістерге бейімделу және елдің стратегиялық басымдықтарын саралау. Президент жанынан құрылған стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының негізгі міндеттері осындай. Жаңа құрылым жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, білім мен ғылым, экономика және азаматтық қоғамды дамыту бағыттарын қамтиды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы Жандар Асан «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал өзгеріп, технологиялық және экономикалық үдерістер жылдамдаған кезеңде ұзақ мерзімді жоспарлау ерекше маңызға ие.
Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Осындай уақытта стратегиялық болжам жасап, алдағы 10-20 жылдың даму мүмкіндіктерін талдау өте маңызды. Мемлекет тек бүгінгі мәселелерді шешумен шектелмей, болашақта қай салаға басымдық беру керектігін және оның халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететінін бағамдауы тиіс, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жаңа сарапшылар тобы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту. Сонымен қатар адами капиталды нығайтуға, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық беріледі. Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі интеллектуалдық орталыққа айналу мақсаты да осы бағыттағы жұмыстардың маңызын арттырады.
Бұдан бөлек, экономиканы әртараптандыру және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері де сарапшылар назарында болмақ. Бұл бағыттар бойынша мамандар түрлі ұсыныстар әзірлеп, елдің ұзақ мерзімді даму перспективаларын талдайды.
Сарапшының сөзінше, стратегиялық шешімдерді әзірлеу тек мемлекеттік аппараттың міндеті болмауы керек. Оған түрлі саланың кәсіби мамандары, бизнес өкілдері, әлеуметтанушылар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері де атсалысуы қажет.
Мемлекеттің стратегиялық шешім қабылдауы тек мемлекеттік аппараттың жауапкершілігіндегі дүние емес. Оған азаматтық қоғам өкілдері мен түрлі саланың майталман мамандарының үлес қосуы – заңды құбылыс. Маңызды шешімдер жабық есік жағдайында ғана емес, қоғамдық деңгейде талқыланып, сарапталуы керек, – деп атап өтті Жандар Асан.
Жаңа құрылым жұмысының тағы бір маңызды тұсы – қоғаммен ашық диалог орнату. Сарапшының пікірінше, елдің болашағына, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне және кейінгі ұрпақтың мүмкіндіктеріне ықпал ететін шешімдер қоғамның пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс.
Ал сарапшылар ұсынған бастамалардың нақты іске асуы олардың жұмысының нәтижесін көрсететін негізгі өлшем болмақ. Топ құрамында Құрылтай депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, бизнес қауымдастығының өкілдері, ғалымдар мен түрлі сала мамандарының болуы ұсыныстардың жан-жақты қаралуына мүмкіндік береді.
Бұл топтың негізгі жұмысының нәтижесі – ұсыныстардың қағаз жүзінде қалмай, нақты іс жүзінде жүзеге асуы. Кез келген мемлекет тірі организм сияқты, өзінің даму эволюциясынан өтеді. Біз де мемлекетіміздің жаңа іргетасын қалап келеміз. Қабылданатын стратегиялық шешімдердің барлығы еліміздің болашағына ықпал етеді, – дейді сарапшы.
Жалпы, стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының жұмысы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарын қалыптастыруға, басым бағыттарды айқындауға және маңызды шешімдерді кәсіби әрі қоғамдық талқылау арқылы пысықтауға бағытталған. Ал оның нақты нәтижесі ұсыныстардың мемлекеттік саясат пен практикалық жобаларға қаншалықты енгізілетініне байланысты болмақ.
Тегтер #маңызды #сарапшы #экономика #стратегия #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz