RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында 6 млн тонна астық бастырылды

24.11.2026, 10:56 32

Биыл Қостанай облысының диқандары мол өнім жинады. Өңір бойынша шамамен 6 миллион тонна астық бастырылып, майлы дақылдар тұқымының көлемі 1 миллион тоннадан асты. Жекелеген шаруашылықтар гектарына 40 центнерден жоғары өнім алды. Бұл туралы Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Кенжеқозы Жұмандықов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Спикердің сөзінше, биыл облыс бойынша астықтың орташа өнімділігі гектарына 14 центнерге жуықтады. Ал Қарабалық және Федоров аудандарында бұл көрсеткіш 21,1 центнер. Ұзынкөл ауданында гектарына 20,8 центнерден өнім жиналса, Меңдіқара мен Сарыкөл аудандарында орташа өнімділік 20,3 центнерге жеткен.

Жекелеген шаруашылықтардың көрсеткіші бұдан да жоғары. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы «Жолдас» ЖШС гектарына 40,2 центнерден астық жинаған. Ал Сарыкөл ауданындағы «Сарыкөл Агро» серіктестігінде бұл көрсеткіш 47,5 центнерге жетті.

Солтүстік аудандардағы бірқатар шаруашылық гектарына 40 центнерден жоғары өнім алды. Бұған топырақ-климаттық жағдайдың қолайлылығы, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен шаруашылықтарды алдын ала қаржыландыру оң әсер етті, – деді Кенжеқозы Жұмандықов.

Оның мәліметінше, биыл облыс шаруашылықтарына көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 151,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар осы жұмыстарға 162,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны жеткізілген.

Мол өнім алуда тұқым сапасының да маңызы зор. Келесі жылдың егіс науқанына облыста 515,4 мың тонна тұқым дайындалған. Өңірде 32 аттестатталған тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Олар келесі жылғы егіске арнап 94 мың тонна тұқым әзірлеген. Оның 64,3 мың тоннасы сатылымға шығарылмақ. Дайындалған тұқымның ішінде 24 мың тоннасы – элиталық, 37,3 мың тоннасы бірінші және екінші репродукциялы тұқым, – деді Кенжеқозы Жұмандықов.

Кенжеқозы Жұмандықов өңірде отандық селекцияны дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қарабалық тәжірибе станциясы бидайдың жаңа сорттарын шығарумен айналысады. Мұнда шығарылған «Фантазия», «Ламис», «Айгүл», «Кудесница» сорттары шаруашылықтарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Бұл сорттардың өнімділігі жоғары. Сонымен қатар өңіріміздің ауа райы жағдайына төзімді екенін дәлелдеп отыр, – деді маман.

Бұдан бөлек, «Фитон» ғылыми өндірістік серіктестігі «Любава», «Любава 5» және «Экада 247» сорттарын әзірлеп, тұқым шаруашылығымен айналысуда.

Маманның сөзінше, сапалы тұқым қорын қалыптастыру, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырудың негізгі тетіктері. Қостанай облысының шаруашылықтары осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, келер жылғы егіс науқанына дайындықты бастап кеткен.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz