Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымды озық қарқынмен жетілдіріп, интернет сапасы мен қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл ретте байланыс саласының нәтижесі жаңадан орнатылған базалық стансалар санымен емес, азаматтар мен бизнестің интернетті үздіксіз пайдалану мүмкіндігімен бағалануға тиіс. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Премьер-министр Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларды іске асыру үшін байланыс инфрақұрылымының сапасы мен қолжетімділігін арттыру маңызды екенін атап өтті.
Байланыс және интернет желілерінің дамуы мен орнықтылығы – заманауи экономиканың базалық инфрақұрылымы. Кәсіпорындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы олардың қолжетімді болуы мен тұрақтылығына тікелей байланысты, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, соңғы жылдары отандық телекоммуникация саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Мобильді байланыспен қамту ауқымы кеңейіп, магистральдық желілер тартылуда. Сонымен қатар жеке инвестициялар тартылып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
Алайда инфрақұрылымды дамыту көрсеткіштері азаматтар мен кәсіпкерлер үшін нақты нәтижеге айналуы керек.
Азаматтар мен бизнес үшін жаңадан іске қосылған базалық стансалардың саны туралы есептен гөрі жұмыста, жолда және үйде болсын, интернетті үздіксіз пайдалану мүмкіндігі маңызды. Сондықтан байланыс сапасы мен оның қолжетімді болуы саланы дамыту нәтижелерін бағалаудың басты критерийіне айналуға тиіс, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жаппай цифрландыру шаралары көзделген. Ал жасанды интеллект, бұлтты платформалар мен цифрлық мемлекеттік қызметтердің дамуы жоғары өнімді әрі тұрақты инфрақұрылымды қажет етеді.
Осыған байланысты Премьер-министр Үкіметке телекоммуникациялық желілердің дамуын жеделдетіп, экономиканың цифрлық трансформациясына кедергі келтіретін барлық мәселені шешуді тапсырды.
Тегтер #үкімет #экономика #мобильді байланыс #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz