Өнеркәсіптік саясат өз жемісін бере бастады. Бұған биыл шыққан IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі дәлел. Менеджментті дамытудың халықаралық институты сарапшылары жасақтаған кестеде Қазақстан 38-орынға тұрақтады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан 38 орынға жайғасты
Қазақстан осы тізімге енген ТМД мен Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет атанды. Еліміз экономикалық көрсеткіштер, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, бизнестің дамуы, инфрақұрылымдық көрсеткіштер сынды критерийлер бойынша 65,4 балл жинады. Жалпы рейтингте 70 ел бар.
Қазақстан экспорты 18% өсті
Халықаралық аренадағы ел экономикасының басты көрсеткіші сыртқы сауда айналымы екені белгілі. Биылғы 9 айда оның көлемі 117 млрд долларға жуықтады. Бұл былтырғы нәтижеден 12% жоғары. Сыртқы саудадағы өсімге негізінен экспорт көлемінің ұлғаюы ықпал етті. 9 айда экспорт 18,1%-ға артса, импорт небәрі 4%-ға өсті.
Енді бұл көрсеткіштерді тереңірек талдасақ. Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан шетелге 68,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 48,4 млрд доллардың өнімін импорттады. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы, яғни импорт пен экспорттың айырмасы 20,1 млрд долларға жетті. Өткен жылы ол 11,4 млрд доллар болған. Осылайша, оң сальдо бір жылда 8,7 млрд долларға артып, шамамен 1,8 есеге ұлғайды.
Экспорттық түсімнің 36%-ы шикізаттық емес тауарларға тиесілі. Биылғы тоғыз айда ол 24,7 млрд долларға жетті. Бұл санаттағы негізгі экспорттық тауарлар қатарында мыс пен мыс катодтары, уран және күміс бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің де саудасы қызып келеді. Күнбағыс майы, ұн және дайын жемшөп экспортының жалпы құны 1,86 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға артты.
Тойгүл Жұбанисова, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының ресми өкілі:
– Бұл дегеніміз - Қазақстанда өңделген, қосылған құны жоғары, яғни дайын өнімдер экспорты ұлғайғанын көрсетеді. Бұның ішінде негізгі тауарлар бар әрине. Уран-күміс деген сияқты. Кейбіреулер айтуы мүмкін, бұл металл, бұны неге шикізаттың емес тауарларға қосады деп. Себебі бұл тауарларды экспортқа шығарған кезде алғашқы өңдеу бәрібір де біздің елде өтеді. Сондықтан бұл өңделген тауарларға жатады.
Ал импорт құрылымында да өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, өндіріс пен инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған жабдықтарды сатып алу көлемі ұлғайған. Мамандар мұны ішкі өндірістің артуымен байланыстырады.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау
Отандық өндіріс көлемінің артуына мемлекет те мүдделі. Биылғы жылдың 20 қазанынан бастап сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық азық-түлік пен өзге де тауарларға бөлінуі тиіс. Бұл өзгеріс отандық өнімдердің түрлерін кеңейтуге және өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ өнімсіз делдалдарды азайту бағытындағы шаралар қабылданып жатыр.
Әбілқайыр Сейілхан, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті бақылау басқармасының сарапшысы:
– Мемлекет нақты өнім өндіретін және сол тауардың тұтынушыға жету жолында маңызды рөл атқаратын кәсіпкерлердің табыс табуына жағдай жасауға мүдделі. Сондықтан нарықты алыпсатарлардан тазарту үшін арнайы стандарт енгізілді. Бұл сауда тізбектерінің ашықтығын, адал бәсеке мен әділ баға қалыптасуына ықпал етеді. Аталған шара тауар өндірушілер мен тұтынушылар үшін тиімді болмақ.
Сонымен қатар министрлік сарапшылармен бірлесіп сауда заңнамасының сақталуына қатысты мәселелерді де назарда ұстап отыр. Атап айтқанда, өндірушілердің сөрелерге тауар орналастыруына қойылатын негізсіз кедергілерді жою, сауда желілеріне төленетін сыйақылардың заңсыз көтерілмеуін қадағалау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін қолдану сынды кедергілерді жою бағытында жұмыс жүріп жатыр.
Тегтер #бәсеке #рейтинг #өнеркәсіп #менеджмент #экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz