RU
Толық нұсқаға өту

Елде биыл 5 күн электр станциясы іске қосылады. Экономика

25.11.2026, 08:30 77

Биыл Қазақстанда қуаты 92 МВт болатын 5 күн электр станциясы іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекеттік органның мәліметінше, күн энергетикасының қуаты артып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына Жолдауында арнайы тапсырма берген.

Жалпы жаңартылатын энергия көздерін дамыту - энергетика саласындағы басым бағыттардың бірі. Қазір елімізде күн, жел және су электр станцияларының әлеуетін тиімді пайдалану бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Бүгінде еліміздегі жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы белгіленген қуаты – 3,7 гигаватт. Оның ішінде күн электр станцияларының үлесі – 1,3 гигаваттқа жетті. Жалпы биылғы тоғыз айда жаңартылатын энергия көздері нысандары 7,8 млрд киловатт·сағат электр энергиясын өндірді. Оның 1,9 млрд киловатт·сағаты күн электр станцияларына тиесілі. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті одан сайын арттыру жоспарланған.

Балтуған Тажмакина, ҚР Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:

- Биыл 245 МВт болатын 10 жаңартылатын энергия көзін пайдалануға беру жоспарланған. Қазір 212 МВт болатын 7 нысан іске қосылды. Оның ішінде 62,6 МВт болатын үш күн электр станциясы бар. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қызылорда облысында жалпы қуаты 30 МВт болатын тағы екі күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2026 жылдың 3-ші тоқсанындағы жағдай бойынша, республикада жалпы белгіленген қуаты 3 мың 781 мегаватт болатын 172 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 71-і жел, 54-і күн, 44-і су қуатын пайдаланса, үшеуі биогаздан электр өндіреді. Енді бұл қуат көздерінің үлес салмағына келсек. Өндірістің басым бөлігі, яғни екі мың мегаваттан астамы жел электр станциясына тиесілі. Одан кейінгі ауқымды бөлікті 1400 мегаваттқа жуық қуат өндіретін күн электр станциялары алып отыр. Ал гидроэлектростанцияларға 322 мегаватт тиесілі.

Ал өңірлер арасында қуат өндірісі бойынша Жамбыл облысы көш бастап тұр. Мұндағы 21 нысан 560 мегаватт энергия генрациялайды. Екінші орында 542 мегават көрсеткішпен Ақмола облысы тұр. Бұл аймақта 19 жаңартылатын энергия көздері нысаны бар. Үштікті 422 мегаватт қуат өндіретін Қарағанды түйіндеп тұр. Ал электр станциясы саны бойынша озық тұрған Алматы облысы 374 мегаватт нәтижемен төртінші орынға жайғасқан. 

Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға ден қойып келеді. Мәселен, жалпы қуаты 900 мегаватт болатын күн энергетикасы саласындағы перспективалЫ жобалар жасақталып жатыр. Ал 2035 жылдың соңына дейін кемінде 8,4 гигаватт жаңа ЖЭК қуаттарын, оның ішінде шамамен 1,8 гигаватт күн генерациясын іске қосу жоспарланған. Ал 2050 жылға дейін елде өндірілген барлық қуаттың  тең жартысын балама немесе жаңартылатын энергия көздерінен алу мақсаты тұр. 

Дегенмен мамандар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, заманауи технологияларды барынша енгізу керегін айтады. 

Жақып Хайрушев, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі:

- Ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғанда цифрландыру және ақылды жүйелерді қатар енгізіп отыру керек. Осылайша, саладағы жағдайды толық бақылап отыруға болады. Сондай-ақ бұл технологиялар энергетикалық жүйедегі ақауларды алдын-ала болжап, әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Себебі авария болған соң оны қалпына келтіруге қыруар қаражат кетеді. Ал оның алдын алсақ, шығын аз болады.

Сонымен қатар мамандар энергетик мамандарға заманауи технологияларды басқарып, оларды бағдарламалауға үйрету керек деген пікірде. «Сонда еңбек өнімділігі артып, стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі дами түседі», – дейді олар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz