RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі ауыл шаруашылығын басып озды

25.11.2026, 09:41 15

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдау шаралары кеңейіп келеді. Қазір өңірде 220 мың кәсіпкер тіркелген, олардың басым бөлігі – шағын және микробизнес өкілдері. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, өндірістік ғимараттарды төмен бағамен жалға беру және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері ұсынылады. Бұл туралы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президент жариялаған мораторий шағын бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені кәсіпкерлердің назарын тексерулер мен түрлі әкімшілік мәселелерге емес, өз ісін дамытуға аудару маңызды.

Президентіміз айтқандай, кәсіпке кедергі жасамау керек, ол өзінің жұмысын жасауы керек. Мораторий – кәсіпкерліктің дамуына нақты қолдау деп санаймыз. Әсіресе, өңірдегі шағын және микробизнес үшін мұндай шешімнің маңызы зор, – Асылан Ибадуллаев.

Өңірде кәсіпкерлерге арналған 17 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы мен Сауран ауданында арнайы экономикалық аймақтар бар. Сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын өндіріс парктері құрылып жатыр. Мұнда кәсіпкерлерге өндірістік мақсатқа бейімделген, шамамен 1 500 шаршы метрлік ғимараттар қолжетімді жалдау бағасымен ұсынылады.

Кәсіпкерлік палатасы директорының сөзінше, бұл тәжірибеге басқа өңірлердің де қызығушылығы жоғары. Себебі өндірісті ауылдық жерлерде дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Өңдеу өнеркәсібі – экономиканың жаңа драйвері

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп отыр. Бұған дейін өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы болса, биыл өңдеу өнеркәсібі осы көрсеткіштен асып түскен.

Қазір облыста үш негізгі кластерді дамыту көзделген. Олар – тоқыма, жүгері және ет кластерлері. Бұл бағыттар ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатпай, дайын өнімге дейін өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Біз үш бағытты таңдадық. Олар – тоқыма, жүгері және ет кластерлері. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы экспортқа бейімделіп, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруды көздеп отырмыз, – деді палата директоры.

Тоқыма кластерін дамытуда қытайлық «Лихуа» компаниясының жобасы ерекше аталды. Компания 60 мың гектар аумақта мақта өсіріп, төрт тоқыма зауытын салған. Алдағы уақытта мақта өңдеу, бояу цехтарын іске қосып, дайын киім өндірісіне көшу жоспарланып отыр. Осы жобалар аясында келешекте 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Бұдан бөлек, өңірде карбамид зауытының құрылысы қолға алынған. Жобаның іске асуы отандық тыңайтқыш өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлердің 34 млн теңгеге жуық құқығы қорғалған

Кәсіпкерлер палатасына жергілікті бизнес өкілдері көбіне құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді шешу, несие алу және құжат рәсімдеу мәселелері бойынша жүгінеді.

Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, жыл басынан бері палата араласуымен кәсіпкерлердің 34 миллион теңгеге жуық құқығы қорғалған.

Кәсіпкерлік палата – кәсіпкерлер үшін қара шаңырақ. Олар көбіне жер мәселесі, бақылаушы органдардың айыппұлдары және түрлі әкімшілік кедергілер бойынша көмек сұрайды. Біз олардың құқықтарын қорғаумен қатар, бизнес-жоспар әзірлеу, несие алу және қажетті құжаттарды рәсімдеу бағытында да қолдау көрсетеміз, – деді ол.

Қазіргі уақытта палата 377 инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Олардың жалпы құны шамамен 58 миллиард теңгені құрайды. Бұл жобаларға негізінен отандық инвесторлар қатысады. Палата өкілдері кәсіпкерлерге жер телімін табу, дайын өндірістік ғимараттарды анықтау және қаржыландыру бағдарламаларына қатысу мәселелерінде көмектеседі.

Кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері республикалық деңгейде көтеріледі

Асылан Ибадуллаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIV съезі өңірлік бизнес үшін маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, съезд барысында кәсіпкерлердің күнделікті жұмысында кездесетін мәселелер республикалық деңгейде талқыланады.

Атап айтқанда, несие алу кезіндегі кепілдік талаптарын жеңілдету, жер мәселелерін шешу, әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ әлеуметтік салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің проблемалары көтерілген.

Өңірлік кеңестер бизнес қауымдастығынан құрылады. Олар кәсіпкерлердің жүйелі мәселелерін анықтап, республикалық деңгейде көтереді. Съезд – осы мәселелерді министрліктер мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы, – деді Асылан Ибадуллаев.

Оның мәліметінше, Түркістан облысының өңірлік кеңесі съезд аясында алты мәселе көтерген. Бұл ұсыныстар кәсіпкерлікті дамытуға, қаржыландыру талаптарын жеңілдетуге және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz