RU
Толық нұсқаға өту

6,5 трлн теңге: «Халықтық құрылысқа» бөлінген қаржы қалай бақыланады?

25.11.2026, 14:49 19

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бөлінген 6,5 трлн теңгенің мақсатты жұмсалуын бақылау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, мәслихат төрағалары, журналистер, Жоғары аудиторлық палата, Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері енді. Комиссия жұмысының негізгі бағыттары мен бақылау тетіктері алдағы отырыстарда нақтыланбақ. Бұл туралы Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Депутаттың пікірінше, комиссия тек қаражаттың жұмсалуын ғана емес, құрылыс нысандарының сапасы мен жобалардың іске асырылу барысын да бақылауы мүмкін. Алайда комиссияның нақты жұмыс тәртібі мен міндеттері әзірге толық айқындалмаған.

Қаржыны бақылау, одан құрылыстың сапасы жағынан болсын, қандай құрылыстар салынуы керек – соның бәрін бақылайтын комиссия болады деп ойлаймын», – деді Олжас Нұралдинов.

Комиссия құрамында әртүрлі саланың өкілдері болуы бақылаудың бірнеше бағытта жүргізілуіне мүмкіндік береді. Депутаттың сөзінше, қаржылық бақылауға жауапты органдармен қатар, депутаттар мен журналистер де қоғамдық бақылауға атсалысады. Ал нақты тетіктер комиссияның алғашқы отырыстарында талқыланады.

Егер қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны немесе жобалардың орындалу мерзімі кешіккені анықталса, тиісті шараларды құзырлы органдар қабылдайды. Депутат комиссияның өзі қылмыстық іс қозғайтын орган емес екенін атап өтті. 

Комиссия енді құзыретті орган емес, қылмыстық іс ашатын басқа. Бірақ комиссия құрамында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, Бас прокуратура төрағасының орынбасары және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары бар. Сол себепті тиісті мәселелер тезірек қозғалады деп ойлаймын, – деді депутат.

Олжас Нұралдинов бақылау жұмысына заманауи технологияларды енгізуді де ұсынады. Атап айтқанда, құрылыс нысандарының әр кезеңін жасанды интеллект көмегімен бақылау және есеп айырысуда цифрлық теңгені пайдалану бастамасын көтермек.

Мен өзім Құрылтайда Цифрландыру және жасанды интеллект комитетінде болғандықтан, біріншіден, халықтық құрылысқа жаңа технологияларды енгізуді ұсынар едім. Ол – жасанды интеллектті қолдану және құрылыстың әрбір кезеңін бақылау. Одан басқа цифрлық теңгені қолдану керек деп ойлаймын. Өйткені 6,5 трлн теңге деген – үлкен қаражат. Оның қалай жұмсалып жатқанын цифрлық түрде бақылаған дұрыс, – деді Олжас Нұралдинов.

Депутаттың пікірінше, комиссия жұмысының тағы бір маңызды бағыты – ашықтықты қамтамасыз ету. Оның айтуынша, бағдарлама аясындағы бақылау нәтижелері мен Мемлекет басшысына ұсынылатын тоқсан сайынғы және жылдық есептер қоғамға қолжетімді болуы тиіс.

«Халықтық құрылыс» халықтың бақылауында болуы үшін осындай ашық комиссия құрылды деп ойлаймын. Мемлекет басшысына берілетін қорытынды есептер де ашық түрде болуы керек, – деді ол.

Олжас Нұралдинов комиссияның құрылуын заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі деп бағалады. Депутаттың сөзінше, мұндай бақылау тетігі ауқымды құрылыс жобаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етуі мүмкін.

Ал комиссияның нақты жұмыс алгоритмі, бақылау нәтижелерін жариялау тәртібі мен ұсыныстарды іске асыру тетіктері алғашқы отырыстардан кейін белгілі болмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz