Қазақстандықтар қысқы дөңгелек алуға жыл сайын шамамен 100 млрд теңге жұмсайды. Дегенмен қыруар қаржының көбі шекара асатын көрінеді, деп хабарлайды 24KZ.
Сарапшылар осылай дейді. Себебі салада импорттың үлесі айтарлықтай жоғары. Ал отандық өндіріс ішкі нарықты қамтуға қауқарсыз.
Дегенмен құзырлылар мен кәсіпкерлер қолқусырып қалмақ емес. Сырттың тауарынан тыйылып, өндірісті өркендетуге бейіл. Сөйте тұра, соңғы таңдау тұтынушыларда. Бүгінде шетелдік брендтерге бүйірі бұрып тұратын бұқара баршылық. Бұл өзіміздікін қаңсық көріп, өзгенікін таңсық санау ма? Әлде әңгіме дөңгелектердің санынан бұрын сапасында ма? Экономика айдарында Мирлан Алтынбек айтып береді. Мирлан, сөз кезегі Сізде.
Иә, отандық өндірістің әлеуеті әлсіз. Бұлай дейтінім елде шина шығаратын жалғыз зауыт бар.
Әр төрт дөңгелектің үшеуі Қытайдан келеді
Жыл басынан бері жеңіл көліктерге арналған 4,6 млн дөңгелек импортталды. Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке мән берсек, биыл бас-аяғы 185 млн АҚШ ақшасынан асатын тауар сырттан тасымалданды. Оның дені шығыстағы көршілерімізде шығарылған. Әкелінген әр төрт доңғалақтың үшеуі Қытайда жасалады. Барлығы 99 млн доллар болатын тауар елге енді. Сол секілді, Қазақстанда Ресей, Оңтүстік Корея, Венгрия, Жапониялық өнімдердің де өтімі жоғары. Ресейден 21, Кореядан 10, Венгрия мен Жапониядан 8 млн-доллардың дөңгелегі кіргізілді.
Бәйбек Қуандықов, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
– Импорттаушы негізгі елдерге тоқталатын болсақ, жеңіл автокөлік шиналары бойынша алғашқы үштікке Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея кіреді. Ал жүк автокөліктері мен автобустарға арналған шиналар бойынша үздік үш импорттаушы ел – Қытай, Ресей және Вьетнам. Осылайша, Қытай мен Ресей автомобиль шиналарының екі санаты бойынша да Қазақстанның негізгі импорттаушы елдері болып табылады.
Жыл басынан бері 573 мың дөңгелек өндірілді
Енді отандық өндірістің әлеуетін айтайық. Бізде шина шағаратын бір ғана зауыт бар. Онда биылғы он айда 573 мың жеңіл көлікке арналған дөңгелек өндірілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 27 пайызға көп. 2025 жылы аталған көрсеткіш 449 мың дана еді. Бұдан бөлек, жүк автомобильдері мен автобустарға арналған 39 мың дана доңғалақ жасалды. Оны өткен кезеңмен салыстырсақ, өнімділік көлемі 8,7 есе өсті. Яғни салада серпіліс бар. Дегенмен босансуға болмайды. Отандық өнеркәсіп ішкі сұранысқа сай емес. Сөзімізді дәйекті деректермен қуаттайық. Айтқанымыздай, жыл басынан бері 4,6 млн дана дөңгелек импортталса, отандық өндіріс орындарында 573 мың доңғалақ шығарылды. Арадағы алшақтықты аңғару қиын емес. Ал ішкі сұраныс жылына шамамен - 4 млн шина.
Ербол Сейпілов, «QazAutoStandard» автомобиль сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:
– Бұл зауытта 43 қысқы және 45 жазғы, 16 жүк автокөлігіне арналған шиналар шығарылады. Жалпы зауыттың қазақстандық нарықтың 22 пайызын қамтамасыз етеді. Қалған 80 жуық пайызы бұл экспортқа арналған. Бұл кеден одақ мемлекеттері және басқа мемлекеттер.
Көлік дөңгелегі: импорт 15% азайды
Дегенмен импорттық тауарларға тәуелділіктен құтылатын күн жақын секілді. Сарапшылар осылай дейді. Биылдың өзінде сырттан келетін дөңгелектік саны 15 пайызға азайған. Ал 2029 жылға қарай отандық өндірістің өнім көлемін 3,5 млн дана дөңгелекке жеткізу жоспарланып отыр. Солай болғанымен, соңғы таңдау тұтынушылардың өзінде. Бұл жерде әңгіме саннан бұрын, сапаға байланысты.
Ербол Сейпілов, «QazAutoStandard» автомобиль сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:
– Орташа көрсеткішпен санасақ, елімізде 5 млн автокөлік бар ғой, 5 автокөліктің 80 пайызы қысқы доңғалақты ауыстыратын болса, орташа көрсеткішпен жылына 102 млрд теңгедей жұмсайды екен. Зауыттың өзінде қазіргі таңда мыңға жуық адамдар жұмыс жасайды. Енді бұл заманауи технологияда жасалатын шиналар болғандықтан сұранысқа ие деп ойлаймын. Жалпы оның жылдық көлемі – 3,5 млн шина шығару. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішке жетеміз деп отыр.
Электр энергиясын өндіру ісі ілгерлеп келеді
Шина өндірісінен шығып, аттың басын электр энергиясын өндіруге бұрайық. Қазақстанда 10 жылда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген өнім көлемі 16 есе артты. Осылайша, жалпы электр қуаты 14 пайызға жуықтады. Бұл дегеніңіз су нысандарында, күн мен желден қуат алып энергия өндіретін станциялардың қатары артты деген сөз. Мәселен, гидроэлектр станцияларында өндірілген өнім көлемі 2015 жылы 9 269 кВт·сағ болса, былтыр бұл көрсеткіш 10 402-ге жетті. Сол секілді, күн мен желден қуат алу ісі де ілгерлеп тұр.
Тегтер #24KZ #экономика #қысқы дөңгелек #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz