RU
Толық нұсқаға өту

«Халықтық құрылысқа» бөлінген қаражаттың есебі жарияланып отырады

25.11.2026, 16:13 14

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен құрылыс нысандарының сапасы мемлекеттік комиссияның бақылауында болады. Комиссия инфрақұрылым, жол, білім беру, медицина және басқа да әлеуметтік нысандардың уақытылы әрі тиімді салынуын қадағалайды. Сонымен қатар бақылау нәтижелері әр тоқсан сайын жарияланып отырады. Бұл туралы Құрылтай депутаты Замир Сағынов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Депутаттың пікірінше, комиссия құрудағы басты мақсат – ауқымды бағдарламаға бөлінген әрбір теңгенің тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Оның төрағалығына Жоғары аудиторлық палата басшысы тағайындалған. Комиссия қаражаттың қай бағыттарға бөлінгенін және оның нақты мақсатқа сай игерілуін бақыламақ.

Мемлекет басшысы айтқандай, әрбір теңгені тиімді пайдалану керек. Осыған байланысты Президент жарлығымен үлкен ауқымды комиссия құрылды. Комиссия жалпы қаражат қай бағытта жұмсалып жатыр, әрбір тиын өз орнын тауып жатыр ма – осы бағытта жұмыс атқаратын болады, – деді Замир Сағынов.

Комиссия жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, жол құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, білім беру және медицина салаларындағы жобалардың орындалу барысы назарда болады. Депутаттың сөзінше, комиссия нысандардың белгіленген мерзімде аяқталуын, қаражаттың тиімді пайдаланылуын және құрылыс кезінде туындайтын кедергілерді зерделейді.

Бұл комиссия, біріншіден, құрылыстар уақытылы салынып жатыр ма, екіншіден, қаражат тиімді пайдаланылып жатыр ма, үшіншіден, жаңа құрылыстарда қандай кедергілер бар – осы бағыттарды бақылап отырады. Әр тоқсан сайын нәтижелерді жариялаймыз. Қай бағытта жұмысты әрі қарай жетілдіруіміз керек екенін де қараймыз, – деді депутат.

Ал құрылыс сапасының төмендігі, қаржының мақсатсыз жұмсалуы немесе жобалардың кешігуі сияқты мәселелер анықталған жағдайда комиссия оларды шешу жолдарын қарастырмақ. Бұл ретте мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.

Депутат комиссия қызметіндегі ашықтық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама аясында қаралған қаражат, қабылданған шешімдер мен құрылыс жұмыстарының нәтижелері халыққа қолжетімді болуы тиіс. Бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жарияланып отырады.

Әрбір шешім, қаралған қаражаттың жұмсалу бағыты ашық түрде жарияланып тұрады. Әрбір адам қаржының қайда жұмсалып жатқанын, оның болашақта қандай нәтиже беретінін білуі керек. Әрбір отырыс пен инфрақұрылым саласындағы нәтижелер туралы ақпарат беріп отыруды жоспарлап отырмыз, – деді Құрылтай депутаты.

Комиссия жұмысы аясында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі және құрылыс нысандарының нәтижелері тұрақты бақылауда болмақ. Ал тоқсан сайын жарияланатын есептер қоғамның бағдарлама барысынан хабардар болуына мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz