Жыл басынан бері Қазақстанда 4 млрд-тан астам дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, отандық өндіріс көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыртқа өндірісі Ақмола, Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қарқынды дамып келеді.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында «Altai Qus» құс фабрикасының құрылысы басталды. Жобаға 5,5 млрд теңге инвестиция салынады. Кәсіпорын жылына 150 млн дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы болады.
Қазір өңірдегі кәсіпорындар халықтың жұмыртқаға деген сұранысының 30%-ын өтейді. Жаңа фабрика толық қуатына шыққаннан кейін облыстың бұл өнім бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 109%-ға жетеді.
Жоба аясында заманауи автоматтандырылған өндірістік желілер мен цифрлық басқару жүйелері енгізіліп, 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі құс шаруашылығына инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #АШМ #жұмыртқаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz