Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемдік үздік алтылыққа енді. 2025 жылы шетелге 691 мың тонна өнім жөнелтіп, тарихи көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізушілер арасында екінші орында. Ал Еуропалық Одақ пен Қытайға күнбағыс шротын экспорттауда үздік үштікке кіреді. Мамандар еліміз бұл нәтижені әлі де жақсарта түсетініне сенімді.
Енді статистиканы сөйлетсек. Қазақстан өсімдік майы, шрот және күнжара экспортын жыл өткен сайын арттырып келеді. Мәселен, 2014-2015-ші жылы шетелге небары жүз қырық жеті мың мың тонна өнім сатса, 2021- 2022 жылдары тауар көлемі жарты млн тоннаға жуықтаған. Одан кейін бұл сала қарыштап дамып келеді. Мәселен, 2023 жылы нәтиже бір млн тоннадан асты. Екі жылдағы өсім екі еседен жоғары. Ал былтыр бір млн үш жүз мың тонна тауар сыртқа сатылған. Биыл еліміз экспорт көлемін бір млн сегіз жүз мың-нан асырды. Ал одан 1 млрд 233 млн ақш доллары көлемінде пайда түскен. Өндірушілер алдағы жылдарға бұдан да биік мақсат қойып отыр.
ЦИТАТА. Ядыкар Ибрагимов, «Майлы дақылдарды қайта өндеушілердің ұлттық қауымдастығының» басқарма төрағасы:
- 2028 жылы өсімдік майы, шрот және күнжара экспортынан 1,5 млрд пайда түсуге тиіс. Біз бұл нәтижеге қол жеткізе аламыз. Себебі қазір елімізде егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мемлекет басшысы да отандық өңдеушілер тарапынан сұранысқа ие дақылдарды көптеп өсіру керегін айтып жүр. Ал елдегі майлы дақылдарды өңдеу қуаты 5,4 млн тоннадан асады. Соның ішінде елдегі зауыттар 4,6 млн тонна күнбағыс дәнін өңдеуге қауқарлы. Ал диқандар 2 млн тонна шамасында ғана өнім алып отыр.
Мамандардың сөзін статистика да растайды. Биыл диқандарымыз егіс алқаптарын 30 пайыз арттырғанымен, аз өнім алуы ықтимал. Оған қолайсыз ауа райы себеп. Есеп бойынша 2 млн тонна шамасында күнбағыс дәні жиналуы мүмкін. Ал жалпы майлы дақылдың өнімділігі 4 млн тонна шамасында болады деп болжанып отыр.
Есесіне, өңдеу саласы дамып келеді. Әсіресе жоғары технология қолданатын зауыттардың қуаты артқан. Мәселен, 2021 жылы 286 мың тонна май рафинадталса, былтыр бұл көрсеткіш жарты тоннаға жуықтады. Ал биыл зауыттардың алдында өңдеу қуатын 700 мың тоннадан асыру мақсаты тұр. Солардың бірі күніне 200 тонна күнбағыс майын өндіретін UMIR зауыты.
Розимурод Полатбеков, UMIR май зауытының басшысы:
– Келесі жылы бізде үлкен зауыттың құрылысы басталады. Ол 600 тонна күнделікті өндіреді. Сонда бізде күніне 800 тонна май өңделеді. Қазіргі таңда біз өзіміздің өнімімізді Қазақстан нарығына ғана емес, экспортқа да жіберіп жатырмыз.
Биыл Қазақстан 1 млн 816 мың тоннадан астам өнім экспорттады. Бұл саудадан 1 млрд АҚШ долларынан астам пайда түскен. Негізгі сатып алушылардың арасында көрші мемлекеттермен қатар, Еуропалық одақ пен таяу шығыс елдері бар. Бұл аймақтардың жылдық тұтыну көлемі 47 млн тоннадан асады. Сондықтан Қазақстан өніміне сұраныс азаймайды. Күнбағыстың диқандар үшін тағы бір артықшылығы бар.
ЦИТАТА. Ядыкар Ибрагимов, «Майлы дақылдарды қайта өндеушілердің ұлттық қауымдастығының» басқарма төрағасы:
- Климаттың өзгеруі қуаңшылыққа төзімді дақылдардың маңызын арттырып келеді. Ғалымдар 2027 жыл ең құрғақ жылдардың бірі болатынын айтты. Ал күнбағыс ылғал аз жылдары өнімділігін азайтпайды. Басқа дақылдар түсімнің тең жартысынан айырылып жатса, күнбағыс ары кетсе 20-30 пайызын жоғалтуы мүмкін.
Демек диқандар қуаңшылық жылдары жер сипап қалмаудың қамын ертеден ойлай беруі керек. Себебі түсім азайса, көктемгі егіске кеткен шығынды ақтаудың өзі мұңға айналуы мүмкін. Сондықтан алқаптарға бірнеше дақыл түрін егіп, табиғаттың тосын мінезіне тас-түйін дайын болғаны абзал.
Тегтер #күнбағыс майы #экспорт #экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz