RU
Толық нұсқаға өту
ЖИ

Батыс Қазақстанда 145 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет тартылды

27.11.2026, 10:23 19

Батыс Қазақстан облысында 145 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Өңірдегі 405 ауылдың 373-і, яғни 92 пайызы интернетпен қамтылған, деп хабарлайды «24KZ».

Ал 2027 жылға дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында тағы 220 ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр.

Бұл мәселе ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режимде қатысты.

Қазіргі уақытта өңірде интернет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл 17 ауылда байланыс сапасы арттырылып, 7 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатылды. Сонымен қатар халық саны 50-ден аз 33 ауыл OneWeb спутниктік интернет желісіне қосылды.

Облыс басшысы ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту цифрлық инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, халықты сапалы интернетпен қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріп отыр. Цифрлық технологиялардың игілігін қала тұрғындары ғана емес, шалғай ауылдардағы азаматтар да бірдей көруі тиіс. Сондықтан байланыс операторларымен бірлесіп, интернеттің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет, – деді Нариман Төреғалиев.

Бұдан бөлек, облыста байланыс сапасы төмен 78 аумақтың 47-сіндегі мәселе шешімін тапты. Қалған 31 аумақта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал Орал қаласында 5G технологиясы бойынша 97 базалық станция іске қосылған.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді интернетпен қамту көзделген. Осы мақсатта 7 антенна-діңгек құрылғысын орнату жоспарланып, оның төртеуінің құрылысы басталды.

Жолаушыларға да интернет қолжетімділігін арттыру шаралары қолға алынған. Биыл «Орал – Астана», «Орал – Алматы» және «Орал – Маңғыстау» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етілді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz