RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында сауда көлемі 15,6%-ке өсті

27.11.2026, 10:48 32

Павлодар облысында 2026 жылдың алғашқы 10 айында сауда көлемі 2,1 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 15,6 пайызды құрады. Саланы одан әрі дамыту үшін 2026–2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Оның аясында жалпы құны 35,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселелер ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында талқыланды. Сапар аясында ол тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесіп, сауда нысандарын аралады. Сондай-ақ өңірдің мемлекеттік органдарының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді.

Жол картасында сегіз бағыт бойынша 21 іс-шара қарастырылған. Биыл өңірге ішкі сауда саласындағы жобаларды субсидиялау үшін 584 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде жалпы несие көлемі 843 млн теңгені құрайтын сегіз жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Ал 2027 жылы үш сауда базарын жаңғырту жоспарланған.

Осыған байланысты облыс әкімдігіне бизнеспен жұмысты күшейтіп, кәсіпкерлерді жол картасындағы жобаларды іске асыруға тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен пайдалануға ынталандыру ұсынылды.

Отандық өнімге сауда сөрелерінен орын беріледі

Кездесуде қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін сауда желілерінде ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Биыл 20 қазаннан бастап қазақстандық тауарларға сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызын бөлу талабы әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша қолданылады. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда нысандары үшін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ұлғайтылған.

Біздің міндетіміз – қазақстандық өндірушілерге сауда инфрақұрылымын қолжетімді етіп қана қоймай, олардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыру, – деді Айжан Бижанова.

Вице-министр отандық өнімді ілгерілетудің тиімді тетігі ретінде қазақстандық ірімшікті нарыққа шығару тәжірибесін мысалға келтірді. Жоба мемлекеттік қаржы тартпай, маркетингтік құралдар арқылы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, өнімді сауда сөрелерінде ерекшелеу, дыбыстық хабарландырулар тарату және тұтынушыларға тауар туралы ақпарат беру тәсілдері қолданылған.

Осы тәжірибені өзге де тауар санаттарына бейімдеу ұсынылды. Бұл ретте өндірушілердің өздері де өнімнің танымалдылығын арттырып, тұтынушылар сұранысын қалыптастыруға мүдделі болуы қажет.
AgroTrade платформасы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді

Жұмыс сапары барысында отандық өндірушілердің өнім өткізу географиясын кеңейту мәселесі де қаралды. Осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан AgroTrade электрондық сауда алаңы.

Қазіргі уақытта платформада бес елден 528 қатысушы тіркелген. Ал экспорттық жеткізілімдердің көлемі 1,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл алаң Павлодар облысының тауар өндірушілеріне жаңа серіктестер табуға және шетелдік нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Айжан Бижанова отандық тауар өндірушілерді ұлттық стандарттарды әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды. Оның айтуынша, ұлттық стандарттар өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ ішкі нарықты сапасыз импорттан қорғауға ықпал етеді.

Азық-түлік бағасының өсімі республикалық көрсеткіштен төмен

Өңірдегі баға тұрақтылығы да жұмыс сапарының күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,8 пайызға өскен. Бұл республикалық 2,1 пайыздық көрсеткіштен төмен.

Бағаны тұрақтандыру және өндірушілердің өнімдерін делдалсыз өткізуіне жағдай жасау мақсатында облыста 536 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, вице-министр Greenwich гипермаркетіне барып, сауда желісіндегі отандық өнімдердің үлесімен танысты. Мұнда сатылатын тауарлардың 50 пайыздан астамы қазақстандық өнімдер. Сауда желісінің басшылығымен жергілікті өндірушілердің тауарларын одан әрі ілгерілету жолдары талқыланды.

Жалпы, жұмыс сапары барысында сауда көлемін арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық өнімнің нарықтағы үлесін кеңейту және баға тұрақтылығын сақтау мәселелері қамтылды. Бұл бағыттағы шаралар өңірдің сауда инфрақұрылымын дамытуға және жергілікті кәсіпкерлердің нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz