Қазақстанда мұнай-газ және химия өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында құны шамамен 1,6 млрд доллар болатын аммиак-карбамид кешенін салу және Қарағансай учаскесінде дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру жоспарлары қарастырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл мәселелер Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың отандық және шетелдік компаниялар басшыларымен өткізген кездесулерінде талқыланды. Келіссөздер барысында шикізатты терең өңдеу, елдің ресурстық базасын кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және инвестиция тарту бағыттарына басымдық берілді.
Маңғыстауда ірі химия кешені салынуы мүмкін
«China Wuhuan Engineering» компаниясы мен «ҚазАзот» АҚ басшылығымен өткен кездесуде Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу жобасы қаралды.
Жобаның жалпы құны шамамен 1,6 млрд долларды құрайды. Кешен іске қосылған жағдайда жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруге мүмкіндік болады.
Бұл өндіріс отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөйлеген сөзінде отандық минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытудың маңызын атап өтіп, аталған жобаға қажетті қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
Қарағансайда тақтатас мұнайын игеру мәселесі талқыланды
Кездесулердің тағы бір бағыты – Қарағансай учаскесіндегі дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру. Бұл мәселе «Саутс-Ойл» ЖШС мен «ADIB Holdings» қаржы тобының басшылығымен өткен келіссөздерде қаралды.
Жоба аясында қабатты көпсатылы гидравликалық жарудың заманауи технологиялары қолданылып, екі көлденең ұңғыма бұрғыланған. Жалпы алғанда, 10 ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр.
Келіссөздер барысында жобаны қосымша қаржыландыру, тақтатас мұнайын өндіру технологияларын жетілдіру және Қазақстан аумағында ілеспе өндірістерді жолға қою мәселелеріне назар аударылды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тақтатас мұнайының қорларын игеру және технологиялық тұрғыдан күрделі кен орындарына инвестиция тарту үшін қажетті жағдай жасау міндетін қойған болатын.
Дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру еліміздің ресурстық әлеуетін кеңейтуге, мұнай-газ және мұнай-сервис салаларының технологиялық дамуына мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі
Кездесулер қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев инвестициялық бастамаларды іске асыруда Үкімет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Оның айтуынша, озық технологияларды енгізуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобалар қолданыстағы заңнама аясында қолдау табады.
Жалпы, талқыланған екі жоба да Қазақстанның шикізаттық әлеуетін тиімді пайдалануға, терең өңдеу өндірістерін дамытуға және өнеркәсіптің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Олардың жүзеге асуы отандық химия және мұнай-газ салаларындағы өндірістік кооперацияны дамытуға жол ашуы мүмкін.
Тегтер #үкімет #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz