Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрады. Өндіріс индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға өсті. Оң динамика еліміздің 20 өңірінің 16-сында тіркелді, деп хабарлайды «24KZ».
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында қалыптасты. Өңірде 14,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы 4,7 трлн теңгемен, Павлодар облысы 3,7 трлн теңгемен, Астана қаласы 3,4 трлн теңгемен және Маңғыстау облысы 3,3 трлн теңгемен алғашқы бестіктен орын алды.
Ал өндіріс көлемінің өсу қарқыны бойынша Жетісу облысы көш бастады. Мұнда көрсеткіш 29,9 пайызға артқан. Түркістан облысында өсім 23,8 пайызды, Алматы қаласында 21,5 пайызды, Алматы облысында 19,4 пайызды, Жамбыл облысында 17,8 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, өнеркәсіп өндірісінің индексі Шымкентте 13,3 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 12,7 пайызға, Астанада 11,6 пайызға, Павлодар облысында 8,2 пайызға өсті. Ұлытау облысында өсім 7,7 пайызды, Қызылорда облысында 6 пайызды, Маңғыстау облысында 4,4 пайызды, Қарағанды облысында 4,3 пайызды, Қостанай облысында 2 пайызды және Абай облысында 1,9 пайызды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары
Өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл саладағы өндіріс индексі 109,3 пайыз болды. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс 9,3 пайызға артқан.
Әсіресе жеңіл өнеркәсіпте 59,5 пайыздық, фармацевтикалық өнімдер өндірісінде 50,9 пайыздық өсім тіркелді. Машина жасау саласы 22,2 пайызға, химия өнеркәсібі 21,9 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 18,1 пайызға ұлғайды.
Жекелеген өндіріс түрлері бойынша да оң көрсеткіштер байқалады. Атап айтқанда, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5 пайызды құрады. Ал компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6 пайызға өсті.
Сонымен қатар өнеркәсіптің өзге бағыттарында да өсім мен төмендеу қатар тіркелді. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласындағы өндіріс индексі 111,3 пайыз болса, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9 пайыз болды.
Ал тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі индекс 96,6 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістің 3,4 пайызға төмендегенін көрсетеді.
Жалпы, есепті кезеңнің қорытындысы өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы өсім Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасына ықпал еткенін көрсетеді.
Тегтер #экономика #өнеркәсіп өндірісі #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz