RU
Толық нұсқаға өту

Желтоқсанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау басталады 

27.11.2026, 19:21 25

Елде бірер күннен кейін жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау басталады.

 Яғни бұдан былай әр өнімге Data Matrix коды беріледі. Қазір кәсіпкерлер осы бір маңызды науқанға дайындық үстінде. Сарапшылар пайымынша, жаңа талап көлеңкелі импортты азайтып, отандық өндірушілерді қорғау үшін керек.

Яна Бауэр төрт жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Негізінен тоқыма және спорттық киім-кешек сатады. Ал тауарды шетелден тасымалдайды. Кәсіпкер кедендік баж салығын төлейді. Сәйкесінше оның тауарлары өзгенікінен сәл қымбатырақ. Ал тауарды таңбалау міндеттелсе, көлеңкелі импорт жойылып, саудагерлер арасында тең бәсекелестік орнайды, дейді Яна. 

Яна Бауэр, кәсіпкер:

- Бізді қай жерде тігілгені белгісіз, сапасы күмәнді жалған тауарлардан қорғайды. Сатып алушылардың бізге деген сенімі арта түседі. Өз басым кәсіпкер ретінде тек сенімді сатушылардың өнімдерін елге әкелеміз. Ал жалпылай алғанда бұл біздің салаға керек талап деп есептеймін. Көпшілік айтып жүргендей, қазір саудада аса бір тоқырау жоқ.

Яна секілді киім-кешектің кейбір түрі бойынша саудасын қыздырып отырған кәсіпкерлер үшін міндетті таңбалау келер жылғы наурызда басталады. Осы аралықта қажетті құралдар мен тауардың нақты есебін анықтап алуы тиіс. Ал Ажар Сұраншиеваға берілген уақыт бұдан аз. Өйткені ол желтоқсан айынан бастап міндетті таңбалауға жататын төсек-орын жабдықтарын сатады. 

Ажар Сұраншиева, кәсіпкер:

- Таңбалаудан кейін көп тауар қымбаттауы мүмкін. Қымбаттағаннан кейін сұраныс та азаяды. Қазірдің өзінде, көріп тұрғандай, жеңілдік жасалып жатыр. Соның өзінде керемет сауда болып жатқан жоқ. 

Бірыңғай таңбалау операторының дерегінше, Қазақстанға әкелінген киім-кешектің шамамен 60 пайызы көлеңкелі импортқа тиесілі. Сарапшы Гүлмира Уахитова жергілікті фабрикалардың олармен баға жағынан бәсекелесуі қиын екенін айтады.

Гүлмира Уахитова, "QAZ TEXTILE INDUSTRY" жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ұлттық бірлестігінің төрағасы:

- Біздің тауарларымыздың бағасы көбіне қымбаттау екені рас. Неліктен? Себебі отандық өндірушілер өнім өндіруге байланысты барлық шығындарды, соның ішінде салықтарды, жұмысшылардың еңбекақысын және өнімді сертификаттау шығындарын толық төлейді. Ал шетелдік тауарлармен бәсекелесу оңай емес. Өйткені олар мұндай шығындармен бетпе-бет келмеген соң құны да арзан.

Қазақстанда тауарларды таңбалау тәжірибесі бұрыннан бар. 2017 жылы табиғи үлбірден жасалған жекелеген бұйымдарға, ал 2021 жылы аяқ киімге міндетті таңбалау енгізілді. Ведомство өкілдері бұл талап жүзеге асқалы бері бюджетке түсетін түсім де едәуір артатынын айтып отыр.

Айжан Бижанова ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі:

- Темекі өнімдерінен түсетін акциздер көлемінің артқанына нақты мысалдар бар. Қазір бұл көрсеткіш 330 миллиард теңгеден асты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 70 пайызға көп. Ал аяқ киім бойынша бюджетке түсетін түсімдер шамамен үш есеге артты.Сонымен қатар таңбалаудың әлеуметтік тұрғыдан оң әсері бар. Дәріханалар арқылы тегін таратылуы тиіс дәрі-дәрмектердің коммерциялық негізде саудаланғаны белгілі болды. Яғни азаматтарға тегін берілуі керек препараттар ақылы түрде сатылған. Демек, мәселе тек тауарларды есепке алуда ғана емес, азаматтардың мүддесін қорғап, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуде.

Дегенмен, жаңа жүйеге толық көшуге уақыт бар. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін елге әкелінген тауарларды тағы бір жыл арнайы кодсыз сатуға рұқсат етілген. Ал 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық тауар міндетті таңбалаудан өтуі тиіс. Әйтпесе кәсіпкер айыппұл арқалайды. 

Авторы Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz