Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 4 миллиард 240 миллион теңге бөлінді.
Соның нәтижесінде өңірде 300-ден астам жоба қолға алынып, жүзеге асырылды. Ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдаудың арқасында асыл тұқымды мал басын көбейтіп, шаруашылықтарының әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды.
Мейрамбек Сағымбаевтың ветеринария саласында еңбек еткеніне 7 жылдан асқан. Білікті маман ел ішінде асыл тұқымды жануарға сұраныс күн санап артып келеді дейді. Алайда шаруалардың барлығының бірдей текті түлікті сатып алуға қалтасы көтере бермейді. Сондықтан қожалықтарға қолдан ұрықтандыру қызметін ұсынып отыр. Қажетті құрал-саймандар алу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына иек артып, несие алған.
Мейрамбек Сағымбаев, Ойыл ауылының тұрғыны:
- Мақсатым - осы ауданымыздағы ірі қара малдың тұқымын асылдандыру. Оның ішінде мына ақбасымыз бар, ангусымыз бар, әулиекөл тұқымдарымыз бар. Жалпы осы тұқымдарды ауданымызға әкеліп қолданыстағы, кейбіреулер сүтті малдың тұқымын сұрап жатады. Соған сементал жақсы тұқымдарын әкеліп ұрықтандырып, кәсіп қылып айналысқым келіп тұр.
Айболат Жамашев бала күнінен қанаттыларға әуес. Кептер бағып, мысыр тауығын ұстайды. Бұл ермегін кәсіп етуді ойлап, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 миллион 630 мың теңге несие рәсімдеген. Бұл қаражатқа асыл тұқымды «Ломан Браун» тауығының шөжелерін сатып алды.
Айболат Жамашев, Ойыл ауылының тұрғыны:
- Мың екі жүз тауық алдым соған. Инкубаторын алдым. Брудерын алдым балапан ұстайтын. "Ауыл аманаты" енді аманат етіп беріліп тұрғаннан кейін, пайдалануға берілген ақшаны өз бағытында жұмсап тұрмын. Таза өнім ретінде алғым келді негізі. Халықты да сонымен қамтамасыз еткім келеді.
Қазір Ойыл ауданында 36 мың бас ірі қара, 120 мың қой-ешкі мен 26 мыңнан астам жылқы бар. Мамандар ауданда асыл тұқымды мал басы артып келеді дейді. Себебі бұл істі қолға алған шаруаларға жан-жақты қолдау бар.
Мұратбек Әділханов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Мың бастай әкелінуі керек асылтұқымды мал басы. Несиенің барлығы ірі қара бағытында. Ол асыл тұқымды мал сатуға да ыңғайлы, етті бағыттағы мал ғой.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғалы бері Ақтөбе облысында 3 200-ден астам жоба жүзеге асты. Шалғайдағы ел тұрғындары шағын бизнес нысандарын ашып, шаруалар ауласына төрт түлік байлады. Дегенмен бағдарламаның негізгі бағытының бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Фермерлердің басын қосып, өндіріс көлемін арттыру.
Мира Шонаева, "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бөлім басшысы:
- Жетпістен астам кооперативтер қолдау алды. Ол көбіне мал шаруашылығын дамтуға, сол мал шаруашылығына байланысты өнімдерді қайта өңдеуге және жылыжайлар салуға қолдау алды.
Жыл басынан «Ауыл аманаты» бағдарламасына аясында 314 жобаға қаржы бөлінді. Тұрғындардан түскен тағы 30 өтінімді комиссия тексеруге кіріскен.
Авторлары Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ауыл аманаты #Ақтөбе облысы #ауыл #кәсіпкер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz