RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

11.02.2025, 21:45 566

Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Қалалық жұмыспен қамту басқармасы ұйымдастырған шара барысында мегаполисте дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, сатушы және тоқымашы мамандарына қажеттілік жоғары екені белгілі болды. Жәрмеңке ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай шаралар әсіресе жастар үшін аса қажет. Еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, мамандық таңдау – болашақта жұмыссыз қалмаудың басты кепілі. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік мамандықтарға басымдық беріп, сұранысқа ие салада білім алу маңызды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырған «Еңбек адамы – ел байлығы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шахардағы жүзден астам кәсіпорын қатысты. Олар мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынып, екі қолға бір күрек таппай жүрген қала тұрғындарына жұмыс ұсынды.

Жанат Өтебаева, қалалық жұмыспен қамту және ӘҚ басқармасының басшысы:

- Көбіне біз жұмысшы мамандықтарға басымдық бердік. Адам болғаннан кейін бес саусақ бірдей болмайды. Кейбір азаматтарымыз «бұл айлықпен мен жұмыс істегім келмейді» деген жастарымыз да болды. Бірақ мен жастарға айтар едім, бір нәрсені бастау үшін сол жерден білім алып, тәжірибе жинағанның өзі үлкен мектеп деп ойлаймын. Айлығы аз болса да бастап, тәжірибе жинау керек.

Қалада құрылыс саласында білікті мамандар тапшы. Әсіресе еңбек өтілі бар, әбден тәжірибе жинап шыңдалған еңбек адамдарына сұраныс жоғары. Құрылыс компаниялары біліктілігіне қарай жақсы жалақы төлеуге дайын. Алайда ондай мамандарды табу қиын екенін жасырмайды.

Жұлдыз Балтабаева, кадр бөлімінің маманы:

- Қазір ең бізге керегі дәнекерлеушілер, элеватор операторлары керек. Тасымалдаушылар, аудармашылар, есепшілер керек. Бізде бір зауыттың өзінде 50-ден астам мамандар керек болады. Өзіме жеті түйіндеме алдым. Орташа жалақы 250 мыңнан, ары қарай 800 мың, миллионға дейін алады. Бізге жұмыс өтілі бар, білімін жетілдірген мамандарды табу сәл қиынға соғып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп саласында да маман тапшылығы сезіледі. Шымкент кілем тоқу фабрикасы 20 бос жұмыс орнын ұсынды. «Біз еңбек өтілі жоқ қызметкерлерді де қабылдауға дайынбыз. Ең бастысы жұмысқа деген ынтасы болса болды», – дейді фабрика қызметкерлері.

Фатима Ізбасарова, кадр бөлімінің маманы:

- Біз дизайнер мамандарын жұмысқа қабылдаймыз. Жұмыс бес күндік, тасымалдау бар. Айлықтары 130-дан 200-ге дейін. Өйткені біз дизайнер мамандығын жаңадан бітіріп келген мамандар болса да ала береміз. Өзіміз жұмысты үйретеміз.

Шымкент қаласының тұрғыны Перизат Сақ мұнда алғаш рет «Жастар практикасы» жобасымен келген. Жұмыс өзіне ұнағандықтан осында қалуға шешім қабылдапты. Қазір оған еш өкінбейді.

Перизат Сақ, тоқымашы:

- Мамандығым бойынша осы фабрикада мен тоқымашы-оператор болып жұмыс істеймін. Мысалы, басында мен 100 мыңнан бастағанмын. Қазіргі таңда 250 мың айлық аламын. Гобеленшіден бастап, тоқымашыға дейін көтерілдім. Одан әрі де көтерілуге мүмкіндіктер бар. Адамның өзінің ынсабына байланысты ғой.

Бүгінгі күні Шымкент қаласында 12 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұр. Мамандар бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрмысын түзеп, табысын арттырамын деген адамға таптырмас мүмкіндік екенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Папкова, Нұрмахан Бекмұратов.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz