Елде ІМЕІ-коды тіркелмеген смартфондар бұғатталады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл талап биыл 24 наурыздан кейін шекарадан кіргізілген телефондарға ғана қатысты. Жауапты министрліктің мәліметінше, жаңа гаджеттер үш сатыға жіктеледі. Барлық дерегі заңды құрылғылар ақ тізімге, шығу тегі күмәнді телефондар сұр, ал тіркелмегендері қара тізімге енеді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен ІМЕІ-коды қайталанған 3,7 млн смартфон бар. Олардың шетелден заңсыз кіргізілуі салдарынан мемлекетке жыл сайын 100 млрд теңге көлемінде қосымша құн салығы төленбей отыр. Заң күшіне енгеннен кейін сатып алынған смартфондардың иелеріне құрылғының статусы жайлы хабарлама жіберіледі. Саладағы бұл жаңашылдық сауданы заңдастырудан бөлек, тіркеу жүйесін одан әрі жақсартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және алаяқтықпен күресуге бағытталып отыр.
Азамат Серікбаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:
- «Сұр» тізімге енгеннен кейін біз 30 күндік мерзім ішінде абонент өзінің құрылғысының заңдылығы туралы мәліметтерді бере алмаса, автоматты түрде «сұр» тізімнен «қара» тізімге кететін болады. Сатушының және сатып алушылар өздерін қорғау мақсатында біздер онлайн сервисті іске асырамыз. 24 наурызда ол сервис жүзеге асырылады. Ол сервиске әр азамат ІМЕІ-кодты енгізу арқылы телефонның заңды немесе заңсыз түрде кіргені туралы ақпарат ала алады.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz