RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-дағы Көлденең ауылын көргісі келетін туристер көбейді

14.02.2025, 14:51 632

Еліміздің шығысында орналасқан Алтай тауларындағы Көлденең ауылы Қазақстанның ең үздік туристік ауылдарының бестігіне енді, деп хабарлайды 24kz

Батыс Алтай қорығының шекарасындағы бұл әсем мекен Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшыларының назарын аударды. Америка мен Еуропадан келген саяхатшылар Көлденең ауылына барып, биік шыңдар мен қарағайлы орманның сұлулығына тәнті болуға асығады.

Алтай тауындағы Көлденең ауылы тарихқа тұнып тұр. Мұнда осы өңірге алғаш қоныстанушылардың XVII ғасырда салған ескі үйлері сол қалпында сақталған. Гид қызметін атқарушы Татьяна туристерді сол дәуірдің жәдігерлерімен таныстырып, таңғалдырады.

Татьяна Бутвеле, гид:

- Бұл ежелгі, ескі сенімде болған адамдардың ауылы. Міне, мына ерекше үй 100 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Діндарлар осы үйлерде тұрып, мына саңылау арқылы күнге қарап отырып құлшылық қылған.

Көлденең ауылының тұрғыны Роман Федоровтың шаңырағында Франция, Швейцария, Германия және АҚШ-тан келген туристер қонақ болған. Оның әсерлі әңгімесі мен дәмді ірімшігі барлығына таныс. Ірімшіктің 20 түрін дайындайтын ауыл тұрғыны қонақтарға үнемі табиғи таза өнім ұсынады.

Роман Фёдоров, Көлденең ауылының тұрғыны:

- Олар біздің мал баққанымызға таңғалады. Мүмкін олар да осылай өмір сүргісі келген болар. Олардың тағы бір таңдай қаққаны – мынадай жерде өте сапалы әрі дәмді ірімшіктің болуы. Тіпті оның түр-түрін жеп көрген италиялық қонақтар да сүйсініп кетті.

Ауыл адамдары жергілікті фольклорды да дәріптеп жүр. Шетінен өнерлі тұрғындар әуелетіп ән салып, келген туристерге ауыл мәдениетін де жеткізеді.

Батыс Алтай қорығына жақын орналасқан ауыл тұмса табиғатымен көз тартады. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін биыл мұнда алғашқы туристік кешен салынады.

Әсел Жұмабаева, Риддер қаласы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің жетекшісі:

- Поперечное ауылына инвесторлар кіріп, қонақ үй салуға мүмкіндіктері бар. Ол қонақ үй 10 және 8 орынға шақталған. Негізі бүкіл инвесторлар, келген инвесторларға біз жағдай жасауға тырысамыз.

Көлденең ауылы биыл Дүниежүзілік туристік ұйымның халықаралық байқауына қатысады. Енді еліміздің шығысындағы табиғаты көркем мекенді Африка құрлығының халқы да келіп көрмек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz