RU
Толық нұсқаға өту

Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығында құрылғылар жаңартылып жатыр

15.02.2025, 19:32 621

Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығында сәулемен емдейтін құрылғы мен компьютерлік томография жаңартылды, деп хабарлайды 24kz. 

Жабдықты сатып алу үшін «Қазақстан халқына» қоры 3 млрд 90 млн теңге бөлген. Қатерлі ісікпен күрес жоспары аясында өңірлерде сәулемен емдейтін жабдықтар базасы жаңғыртылып жатыр. Бұған дейін 5 өңірде замануи құрылғылар қойылды. Енді Абай облысына қарасты шалғайдағы елді мекен халқы алысқа бармай-ақ облыс орталығында ем алады. 

Заманауи жабдықтың көмегімен қатерлі ісікке сәулелі терапия жасайды. Оны қолдану үшін дәрігерлер арнайы дайындықтан өтіп, алдын ала оқытылады. Бүгінде онкологиялық орталықта 60 адам сәулемен емделіп жатыр. Олардың арасында шалғайдағы ауыл тұрғындары бар. 

Азалия Есенғары, радиологиялық бөлімше меңгерушісі:

- Бұл аппараттың тағы бір ерекшелігі – тыныс алу синхронизациясы жақсы дамыған. Аппарат адамның тыныс алғандағы жағдайына бейімделіп, тек қатерлі ісікке ғана әсер етеді. Яғни, терапия кезінде адамның сау мүшелері зақымданбайды.

62 жастағы Николай Аксенов былтыр қыркүйек айында қатты жөтеліп ауырған. Дәрігерлер алғашында бронхит диагнозын қойған. Алайда науқастың жағдайы нашарлай берген. Тек қосымша зерттеулерден кейін өкпе рагы анықталған. Бүгінде ол сәулелік терапия қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты. 

Николай Аксенов, қала тұрғыны:

- Менің жағдайым өте ауыр болды. Дәрігерлер толық тексеріп шығып, 30 рет сәулелік терапиядан өтуім керектігін айтты. Маған демалудың өзі қиын болатын. Қазір шамамен 15 радиотерапиядан өттім. Қазір жағдайым жақсы, баспалдақтан емін-еркін түсіп-шығып жүрмін.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымының айтуынша, 5 өңірге осындай заманауи жабдық алынған. Бұл ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын артты. 

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы:

- Бүкіл құрал жабдықтарды орнатып және де бұрынғы тұрған, ескі құрал-жабдықтарына апгрейд жасап, жаңартып, лицензияларын интеграция жасадық. Осы жерге тағы да сұраныс бойынша біз дәрі дәрмек алып келеміз. Ол таргеттық терапия деп айтылады. Ол үшінші, төртінші линияда бұрын Қазақстанда болмаған мәселе. Бұл да «Қазақстан халқына» қоры арқылы шешіліп жатқан нәрсе.

Былтыр елімізде 30 мыңнан астам адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Сүт безінің қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Қазір Семейдегі ядролық медицина орталығы заманауи аппараттармен жабдықталып жатыр. Онда жоғары білікті онкологтар жұмыс істейді. «Қатерлі ісік белгісі байқалса, бірден мамандарға жүгінген жөн», - дейді орталық дәрігерлері. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz