Елдегі әкімшілік соттарға өткен жылы 30 мыңнан астам талап-арыз түскен.
Олардың тең жартысынан көбі талапкерлердің пайдасына шешілген. Арыздардың басым бөлігі сот орындаушылардың заңға қайшы іс-әрекеті мен салық органдарының шешімдеріне қарсылық білдірген даулар. Істі әкімшілік сотта қарау кезінде азаматтардың құқықтары тиімді қорғалып, олардың сот үдерісіне мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік жасалды. Бүгінгі таңда әкімшілік әділет саласын жетілдіру бойынша заң жобасы әзірлену үстінде. Оның аясында азаматтық процестік заңнамадағы жекелеген санаттарды әкімшілік әділет аясында қарау қарастырылуда. Жобаны бүгін Мәжіліс депутаттары да талқылады. Жиынға Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Аслан Түкиев, ҚР Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Бұрын мемлекеттік орган тіпті сот залының өзіне келмейтін. Олар істе жеңіп шығатынына сенімді болатын. Әкімшілік әділет институты енгізілгелі бері бұл проблема жойылды. Әуелі жауап беруші тараптың, яғни мемлекеттік органның сотқа қатысуы қамтамасыз етілді. Ал сот мемлекеттік қызметкердің заңға қайшы әрекетін анықтаса, оны жауапқа тартуға, айыппұл салуға құқылы. Айталық, өткен жылы елдегі әкімшілік соттарға азаматтардан 32 мыңнан астам арыз түсті. Бұл сан жыл өткен сайын өсіп келеді. Демек, азаматтардың әкімшілік әділетке сенімі артқанын көрсетеді.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz