Батыс Қазақстан облысында интернетте алаяқтық жасаушылар жиілеп барады.
Тек жыл басынан бері 53 адам жиған-тергенін белгісіз біреулерге беріп қойған.
Ал былтыр осы кезеңде алаяқтардан зардап шеккендер саны 31 адам болды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар ауадан ақша жасаудың тың тәсілдерін ойлап тапқан.
Оралға қарасты Зашаған кентінің тұрғыны Бауыржан Еркеғұлов алаяқтардың арбауына түсіп қалғандардың бірі. Былтыр өздерін ұлттық банктенбіз деп қоңырау шалғандар оның атына басқа біреулер несие рәсімдеп жатқанын айтқан. Желіге полиция сақшыларымыз деп екінші адам қосылған. Қылмыскерлерді ұстау үшін нұсқауды мүлтіксіз орындауды өтінген.
Бауыржан Еркеғұлов, қала тұрғыны:
- Алаяқтарды тоқтатуға сіздің көмегіңіз керек, мен де сол істі жүргізіп жатқан қызметкермін деп таныстырады өзін. Сосын маған айтады осындай жерден барып ақша аласыз деп. Барып ақша алам, сосын шоттарына аударып жіберем. Дропер дейді, солардың атына жіберем. Кәдімгі банкоматтан салып жіберем. Ақшаның бәрі сізге қайтарылады, ешқандай ештеңе болмайды, банкке қайтарылады, бәрі де жабылады, сіздің атыңызда кредит болмайды деп солай түсіндіреді.
Мұның бәрі алаяқтардың әрекеті екенін Бауыржан артынан түсінген. Полиция департаментіне арыз жазғанымен нәтиже жоқ. 2 млн теңгені алғандар ізім-ғайым жоқ болады.
Бауыржан Еркеғұлов, қала тұрғыны:
- Негізі білу керекпіз ғой. Телефон алмау керек. Басқа ештеңе айта алмаймын. Неше түрлісі бар, көрдің бе, гипноз басымды айналдырып тастаған. Өзім түсінбеймін, қалай алып, қайда барып, қайда салғанымды.
Осындай деректер өңірде аз емес. Тек биылдың өзінде 53 тұрғын алаяқтарға жем болған. Келген шығынның жалпы сомасы 150 млн теңге.
Артур Мұсағалиев, ПД Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы:
- Былтыр бізде интернет алаяқтықтың 469 дерегі тіркелді. Оның 40 пайызын аштық. Ең көп зардап шеккен Бөрлі ауданында болды. Аудан орталығы Ақсай қаласының тұрғыны 104 млн теңгесін, сатқан пәтерінің ақшасын, жиған-тергенін апарып алаяқтардың шотына салып жіберген.
Әдетте алаяқтар ақшаны дропперлер арқылы сіңіріп кетеді. Соңғы кезде студенттердің арасында да банктегі өз есепшотын басқа біреулерге сатып жіберетіндер пайда болған. Сол себепті де кезекті алдын алу шарасы аграрлық университетте өтті.
Артур Мұсағалиев, ПД Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы:
- Кең таралған тағы бір тәсіл сізге коммуналдық кәсіпорыннан немесе байланыс компаниясынанмын деп хабарласады. Содан кейін телефоныңызға СМС-пен 1414 қызметінен пароль түседі. Тағы бір азғантай уақыттан соң басқа номерден құқық қорғау қызметкері боп қоңырау шалады. Белгісіз біреулердің несие рәсімдеп жатқанын айтады. Сіздің басыңызды айналдырып, картаңыздағы ақшаңызды қақшып алады. Сондықтан сақ болған абзал. Ешкімге банк картасының номерін, паролін бермеңіздер.
Былтыр облыс тұрғындары интернет алаяқтарынан 1 млрд теңге шығынға тап болды.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz