RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-ның Бескөл ауылында су тасқынының алдын алу шаралары жүріп жатыр

27.02.2025, 18:15 382

Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында су тасқынының алдын алу үшін 300 тонна инерттік материал дайындалады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жұмысқа Ұлттық ұлан академиясының сарбаздары да жұмылдырылды. Олар қаптарды құмға толтырып, қауіпті аумақтарға үйіп жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Былтыр Есіл тасығанда Бескөл ауылында 200-ге жуық үйді су басты. Петропавлдың іргесіндегі ауылға биыл да қауіп төніп тұр. Сондықтан жауаптылар жаңа бөгеттің маңына құм төгіп, қаптарға толтырып жатыр. Көмекке келгендердің арасында ұлттық ұлан академиясының сарбаздары да бар.

Сәбит Іргебаев, ҚР ҰҰ Академиясы взводының командирі:

- Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары былтыр да су тасқыны кезінде жұмыс істеді. Биыл Бескөл ауылында қаптарды құмға толтырып, инерттік материалдар дайындап жатырмыз. Бүгін 20 сарбаз келді.

Былтырғы тасқыннан кейін Бескөл ауылындағы бөгет толық қалпына келтірілді. Қазір оның биіктігі бес метрге жетеді. Енді мамандар топырақ үйіндісін нығайту үшін 270 тонна құм мен 30 монна қиыршықтас дайындап жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші

- Биыл Бескөл ауылында 153 үйді су басуы мүмкін. Жергілікті билік өкілдері олардың бәрін бақылауға алып, қар шығару жұмыстарын күшейтіп отыр.

Бескөл ауылында 14 мыңға жуық адам тұрады. Елді мекенде қар шығару жұмыстары бәсеңдеген жоқ. Негізгі күш су басуы мүмкін көшелерге жұмылдырылды.

Гүлсім Кәрімова, Бескөл ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі таңда Бескөл ауылынан 30 мың текше метрден аса қар шығарылды. Сонымен қатар елді мекендегі бөгеттің жиектері күшейтіліп, тасқын суға төтеп беретін полипропилен материал төселеді. Елді мекенде 2 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 116 елді мекенді су басуы мүмкін. Синоптиктер бес күн сайын гирологиялық өлшемдер алып, өзен-көлдердің деңгейін бақылап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz