RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда жүк тасымалын реттейтін жаңа ереже қабылданды

27.02.2025, 19:37 414

Қазақстанның жүк тасымалы нарығын шетелдік компаниялар иемденіп келген. «Бұған ережедегі олқылықты пайдаланып, рұқсат қағаздарын заңсыз берген пысықайлар кінәлі», - дейді отандық компания өкілдері.

Олардың айтуынша, мұндай құйтырқы әрекеттің салдарынан отандық тасымалдаушылар тоғыз жолдың торабында болса да, қыруар қаржыдан қағылып қалды. Енді халықаралық тасымалдарға арналған шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасудың жаңа ережесі енгізілді. Құжат бірқатар кемшілікті жоюға септігін тигізеді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Бүгінде Қазақстанның 42 шетелмен жүк тасымалы бойынша келісімі бар. Яғни, отандық компаниялардың басқа елдерге тауар тасуына жағдай жасалған. Ол үшін мемлекеттер өзара арнайы рұқсат қағаздарын алмастырады. Қағаз жүзінде біздің жүк көліктері шекарадан ешқандай кедергісіз өтуге тиіс. Бірақ...

Юрий Фурман, жүк тасымалдаушы компанияның басшысы:

- Бұған дейінгі 715-бұйрықтың осал тұсы болды. Кей пысық компаниялар рұқсат қағаздарын шектен тыс толтырып алатын еді. Соның кесірінен басқа тасымалдаушыларға жетпейді. Рұсаттамасы бар компаниялар жыл соңына дейін бұл құжаттарды пайдаланбайды. Яғни, бұл рейстер жасалмады деген сөз. Біздің тасымалдаушылардың орнына ол жүкті шетелдік компаниялар тасиды. Біз өз нарығымызды басқа елдерге өз еркімізбен беріп отырмыз деген сөз.

Мәселен 2023 жылы жауапты министрлік 186 мың рұқсат қағазын таратып берген. Оның 34 мыңы мүлдем қолданылмай қалды. Ал былтыр берілген 335 мың құжаттың 21 мыңы кәдеге жаратылмаған. Сондықтан биыл жаңа ереже күшіне енді.

Селім Қуанышұлы, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Рұқсат құжатқа өтінім берген кәсіпорынның аты-жөні жазылады. Жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Содан кейін шетелге баратын көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі жазылады. Яғни, ол тасымалдаушы өзінің алған құжатын өзі ғана қолданады да, басқа біреуге беруге не сатуға мүмкіндігі жоқ. Сондай ереже қабылданды. Және де ол рұқсат құжатты алғаннан кейін біздің елдің аумағынан 30 күннің ішінде шығып кетуі керек.

Егер бұл уақыт ішінде рұқсат қағазы пайдаланылмаса, жүк көлігіне қатысты шектеу шаралары қабылданады. Яғни, тасымалдаушылар тек қажет болған жағдайда ғана өтінім береді деген сөз.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Арман Ақшабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz