Биыл Түркістан облысында 130 мың адам жұмысқа орналасады, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде 75 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтарға тартылады. Жыл басында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген.
Екі қолға бір күрек іздегендердің 83 мыңнан астамы тұрақты, ал 47 мыңы субсидияланатын уақытша жұмыс орындарымен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Түркістан қаласының тұрғыны Үміт Бақытжанованың негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда мамандығы бойынша жұмыс істемеген ол көбіне уақытша маусымдық жұмыстар істегенін айтады. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде мүлде жұмыссыз қалған. Өткен желтоқсан айында облыстық мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал қаңтар айында орталық оны қалық балалар ауруханасына жолдамамен жіберіпті.
Үміт Бақытжанова, қала тұрғыны:
- Қазір мен осында реанимация бөлімінде шаруа бикесі болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзімнің ойымнан шықты, ұнайды. Бес күндік жұмыс, екі күн демалысы бар. Жұмыс таңдамаймыз ғой қазір.
Ал көпбалалы ана Нышанкүл Сыздыкова да өмір бойы жұмыс істемепті. Көбіне бала тәрбиесімен үйде отырған. Арасында маусымдық жұмыстарға шыққан. Жасы зейнетке жақындаған соң жұмыспен қамту орталығына барып, екі қолға бір күрек сұрапты. Орталық мамандары қаладағы жаңадан ашылған жайлы мектепке жолдама берген.
Нышанкүл Сыздыкова, қала тұрғыны:
- Қаңтардан бастап бұйрық шықты. Сосын келдім осы жерге жұмысқа. Ата-аналар келеді, оқушыларды кіргізіп, шығарып тұрамын. Менің жұмысым вахтёршылық. Өзіме ұнайды жұмысым. Жұмыс кестесі бес күн, таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін.
Мамандар биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 130 мың адам жұмыспен қамтылатынын айтады. Жыл басынан бері 15 мың адамның 6 мыңы тұрақты, 9 мыңы уақытша жұмыс орындарына жіберілген.
Абзал Қазанқапов, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры:
- Арыс қаласы мен Отырар ауданында 32 мың гектар алқапта мақта өндірісі класстерін дамыту аясында жұмыс орындары ашылып жатыр. 1400 жұмысшы қабылдайын деп отырмыз тұрақты жұмыспен, сонымен қатар мынау Түркістан қаласының маңайында индустриалды аймақ ашылды. Ол жерде 400-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтығалы отыр. Осындай ірі жобаларымыз бар.
Биыл еліміз бойынша жаңа әлеуметтік бағдарламалар аясында 1 млн жұмыссыз азаматты еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі 2 млн 300 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz