Қызылордада күн сайын 500-ге жуық жұмысшы мен 160 техника көше тазалауға шығады.
Тазалыққа жауапты жандар қандай құрметке де лайық. Суық күнде қар күреп, мұз ойып, тынымсыз еңбектенген жұмысшыларға шешен этномәдени бірлестігінің еріктілері ыстық тағам дайындап әкелді. Осылайша алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Таңертеңнен көшеге шығатын тазалықшылар қоғамдық орындар, ойын алаңдары мен саябақтарды ретке келтіреді. Облыс орталығының тазалығына жауапты мекемеде 500-ге жуық жұмысшы бар. Әрқайсымыз бір күнде жүздеген шаршы метр аумақты сыпырып шығамыз. Арық жүйелерін тазалау да бізге жүктелген,-дейді коммуналдық мекеменің жұмысшысы Жанар Құлынбетова.
Жанар Құлынбетова, коммуналдық мекеменің жұмысшысы:
- Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші жеңіл болып өтеді бәрі. Осы уақытқа дейін қиындығын көрген жоқпыз. Ең үлкен алғыс бізге, осы қарапайым халықтың білдіріп жатқан алғыстары. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер дейді. Ауырмаңыздар, сырқамаңыздар деп алғыстарын жаудырып жатады. Қаламыз көркейіп келе жатыр, сіздердің арқаларыңызда, тынбай еңбектеніп жатырсыздар деп.
Коммуналдық мекеменің жұмысшыларына тұрғындар әрдайым рахметін айтып, қолдап отырады. Бұл жолы өңірдегі шешен этномәдени бірлестігінің еріктілері тазалықшыларға арнап ыстық тағам мен ыстық шәй дайындап, алғысын осылай білдірді. Ризашылықты жеткізумен қатар, қоғамдағы бірлік пен сыйластықты нығайту басты ниетіміз- дейді ұйымдастырушылар.
Лайла Пашаева, облыстық шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары:
- Бұл кісілер болмаса қаламыздың тазалығын сақтау қиынға соғатыны белгілі. Соңғы жылдары көшелер көркейіп, саябақтар көбейді. Облыс орталығы гүлденіп келеді. Енді әрбір тұрғын айналасын таза ұстауға тырысуы керек. Қалалықтардың сенбілікке қатысқанының өзі осы жұмысшыларға қолғабыс болар еді.
БЛИЦ
- Бізде қоқыс жоқ қой, қарасаңдаршы. Бәрін, қарды да жинап, алып кетіп жатыр ғой.
- Жақсы жұмыс істейді, мен ризамын олардың бәріне. Оңай емес қой, күннің қырауында, қыстың уақытында жұмыстарын істеп жатыр бәрі де.
- Үлкен алғыс, көше тазалықшыларына және оларды бағдарлап отырған кісілерге.
Еріктілер бұл бастаманы жалғастыра беруді жоспарлап отыр. «Басты мақсат – адал еңбекке деген құрметті арттыра түсу ,-дейді олар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz