Елде халықты әлеуметтік қорғау саласында 35 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олардың қатарында медицина қызметкерлері мен арнайы педагогтар бар. Ал нақты әлеуметтік қызметкер саны 13 мыңға жуықтайды. Бүгінгі Алғыс айту күні әлеуметтік қызмет алушылар мамандық иелеріне ризашылығын білдіріп жатыр.
Жанар Жүкенованың әлеуметтік қызметкер болғанына биыл 7 жыл. Күн сайын 4-5 үйді аралап, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жападан-жалғыз қалғандарға және өздігінен жүріп-тұра алмайтын зейнеткерлерге жан-жақты көмек көрсетеді.
Жанар Жүкенова, әлеуметтік қызметкер:
- Әр адамға түрлі көмек керек болып жатады. Жағдайларына қарай бүкіл қызметті орындаймыз. Көмектесеміз, тыңдаймыз, әңгімелесеміз. Алғыстарын айтады, баталарын береді.
«Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі әлеуметтік салаға ауысқанына еш өкінбейді. Өйткені бұдан бұрын ұстаздыққа бақандай 10 жылын арнапты. Декреттік демалыстан кейін бала күтіміне байланысты жұмыс кестесі ыңғайлы болуы үшін жанына жақын мамандықты таңдағанын айтады. Қазір кезекті қызмет алушылардың біріне бара жатыр.
Әлеуметтік қызмет алушы Зәуреш Еркебаева 70-тің белесіне жетіп қалды. Ол да бұрын мұғалім болған. Қызмет көрсетуші Жанармен тез тіл табысып кетуі де сондықтан. Бір-бірін жақсы түсінеді. Күтушісіне айтар алғысы шексіз.
Зәуреш Еркебаева, әлеуметтік қызмет алушы:
- Жанарға мен өте ризамын. Неге десеңіз, Жанардың көмегі мен үшін өте маңызды. Жас келген соң, денсаулық кішкене шамалы болып бара жатыр. Сондықтан Жанар дәрі-дәрмек әкеліп береді. Үйге азық-түлік әкеледі. Келіп үй жинауға көмектеседі. Өз жұмысына өте ұқыпты. Тәрбиелі адам.
Әлеуметтік қызметкер Жанар ханым басқа бөлмелерді жинастырып жатқан кезде мен де өз үлесімді қосайын деп мына орындықтың босап қалған аяқтарын қатайтуды жөн көрдім.
«Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы бір қарағанда оңай әрі қарапайым көрінер. Алайда қызмет алушылардың көбі егде жастағы кісілер болған соң, болмашы нәрсеге балаша ренжуі мүмкін. Сондықтан кез келген назына түсіністікпен қараймын», -дейді Жанар Жүкенова.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz