RU
Толық нұсқаға өту

24KZ арнасы «Қазмедиадағы» тазалыққа жауапты қызметкерлерге алғыс айтты

01.03.2025, 19:48 741

Алғыс айту күні – адамды ізгілікке бастайтын мереке. Бұл күні туған-туыс, ағайын-бауырдан бөлек, иық тіресе еңбек ететін жаныңдағы әріптесіңе де жылы сөз арнау ләзім. Медиа мамандарының қара шаңырағына айналған «Қазмедиа» орталығына тәулігіне 4 мыңнан астам адам еңбек етуге келеді.

Ал ондағы тазалыққа жауапты адам саны бұдан он есе кем. Тасада қалса да, таудай іс тындырып жүрген қызметкерлердің бір күндік жұмысымен арна тілшілері танысып қайтты.

Бұл – араның ұясындай үнемі қыз-қыз қайнап жататын «Қазмедиа» орталығы. Мұнда елдегі басты бұқаралық ақпарат құралдары орналасқан. Кейбіреулер үшін күнделікті жұмыс орны осы жер болса, түрлі жағдаймен орталыққа бас сұғатындар қаншама?! Сондықтан қонақ күткен үйдей ғимараттың іші-сыртын мұнтаздай таза ұстау – зор міндет. Әлия Кәрібаева тазалықшы қызметін 5 жылдан бері атқарып келеді. «Еңбектің жаманы жоқ. Бастысы – адал ниет пен ісіңе деген сүйіспеншілік», - дейді ол.

Әлия Кәрібаева, тазалық қызметкері:

- Келіп-кететін кісі өте көп. Адам тоқтаусыз. Сондықтан таза ұстау, жинау, сүрту біздің міндетіміз. Бізге сөз келмесін деп. Жұмысымыз болғаннан кейін талпынамыз, істейміз. Шаршағаныңды сыртқа итеріп қоясың.

Бүгінде дағарадай ғимаратты «қыздың жиған жүгіндей» күтіп ұстау 39 қызметкерге жүктелген. Олар екі ауысыммен тәулігіне 12 сағат еңбек етеді. «Ұжымда ауызбіршілік барда нендей қиындықты еңсеру әсте оңай», - дейді кейіпкеріміз. Зейнетке шығар күні таяп қалса да, жанашыр әріптестерін қимайтынын жасырмайды.

Әлия Кәрібаева, тазалық қызметкері:

- Коллективіміз тамаша. Жан-жақтан жиналған қыздарымыз. Жасы бар, кәрісі бар. Сіз, біз деп сыйласып, ойнап-күліп жүреміз. Бір-бірімізге көмектесіп. үлгермеген кезде көмектесеміз.

Тілші, оператор, режиссер сынды шығармашылық адамдарының екінші үйіндей болған «Қазмедиа» орталығына күніне 4 мыңнан аса адам еңбек етуге келеді. Ізгі мерекеге орай олар да жауапты жұмыстың жүгін арқалаған тазалықшы апайларға жылы лебізін білдіруге асықты.

Блиц 1:

- Оларға мың-мың алғыс. Үлкен рахметімді айтамын. Осы біздің «Қазмедиада», 24 сағат 7 күн бойы, демалыссыз еңбек етеді.

Блиц 2:

- Жұмыста бір бөлмеде қамалып, текст жазатын кездеріміз болады. Бұл тұста біздің отырған жеріміздің аурасы дейді, атмосферасы жақсы болғанын өзіміз қалаймыз. Және отыратын жеріміз таза болуы керек. Бұл тұста тазалық қызметкерлерінің ерен еңбегін атап өтуіміз керек.

Блиц 3:

- Әйел адам болған соң тазалықтың қандай маңызды екенін білеміз. Өзіміз үйіміз жиналмай қалса, берекеміз қашып кетеді. Сондықтан осындай үлкен ғимаратты таза ұстап отырған апайларымызға, әпкелерге, сіңлілерімізге алғысымыз шексіз!

Тазалық ең бірінші өзімізден басталады. Сондықтан тазалықты жасаушы адамдарға кұрметіміз, ең бірінші тазалықты сақтауымыз қажет.

Иә, қарапайым еңбек адамына құрмет ізгі істен көрініс тапса игі. Жаңару мен жаңғырудың жаршысындай болған көктемнің алғашқы күнінде тазалықты өзімізден бастайық!

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ырыстанбек Оспанов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz