RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да құбырлар мен арналар қардан тазартылды

01.03.2025, 20:42 419

Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 50 шақырымнан асатын мыңнан астам су өткізу құрылғылары мен 19 канал қардан тазартылды, деп хабарлайды 24kz.

Құтқарушылар мен гидрологтардан құралған жұмыс тобы таулы аймақтарды зерттеуде. Мамандар жердің тоң қабатын өлшеп, бөгеттердің су өткізу деңгейін анықтауда.

Құтқарушылар мен гидрологтар Шемонаиха ауданындағы Үбі өзенінің аңғарын бақылауға алған. Жұмыс барысында ұзындығы шамамен 300 шақырымдай су арнасы зерттеледі. Өзеннің бағыты жиі өзгеретіндіктен, судың ағынын болжау қиын. Сондықтан өзен аңғары тазартылып, сірескен мұзды жару ісі басталады.

Блиц:

- Мұздың қалыңдығы 60 см. Аудан бойынша үш елді мекеннің жанындағы бес учаскеде мұзды ұсату жұмыстары жүргізіледі. Біз солардың біреуінде тұрмыз. Мұзды жару жұмыстары көпірдің жанында өтеді.

Дәл осындай су тасқынына қарсы дайындық шаралары көрші Глубокое ауданы бойынша 13 учаскеде жалғасты.

Аян Макиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз барлық жұмыстарды уақытында атқарып болдық. Су тасқыны кезеңі ойдағыдай өтеді деп сенемін. Ауылдық округ әкімдеріне қосымша 15 мың қап таратылды. Олар қаптарды дайындап, қауіпті деген жерлерге қояды.

Өңір 2018 жылы бес ауылды су басып, 400 адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін ұмытқан жоқ. Табиғи апаттың алдын алуға тыңғылықты дайындалады. Таудан аққан суға тосқауыл болатын қорғандар жасалған. Жұмыс тиімділігі әрине коммуналдық кәсіпорындарға тікелей байланысты. Елді мекендерде 106 шақырым арық тазартылыпты. Ал Белоусовка кентінде 1942 жылы салынған бөгетке салмақ түсірмес үшін су жіберу көлемі азайтылды.

Ертіс өзенінің жағалауындағы Прапорщиково ауылында бөгет салынған. Жылда су басатын үйлер мен электр тарату желілеріне қауіп жоқ.

Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖБ бастығының м.а.:

- Бұл бөгет су деңгейі көтерілген кезде жағалауды қорғау үшін қажет болды. Бірақ уақытша құрылыс. Негізгі жұмыстар судың ағынын реттеуге бағытталған.

Қалалар мен аудандарда қар шығару жұмыстары күн жылынғанша жалғаса береді. Бүгінгі күні шамамен 3 мың текше метр қар арнайы полигондарға тасымалданған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz