RU
Толық нұсқаға өту

Жылыой ауданында былтыр 1300-дей кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілген

02.03.2025, 19:16 627

Атырау облысы Жылыой ауданында биыл ет консервілеу цехы мен сүт шығаратын кәсіпорын іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында енді аудан тұрғындары табиғи әрі жергілікті өнімді тұтына бастайды. Бұған қоса, жылыойлықтарға арналған жаңа бағдарлама аясында 5 млн теңгеге дейін пайызсыз несие алып, кәсіпті дөңгелетуге мүмкіндік бар. Жалпы өңірде былтыр 1300-дей кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілген.

Айгерім Бөлтекова тігіншілікті 2017 жылы қолға алды. Үйіндегі шағын шеберхана қазір үлкен цехқа айналған. «Мемлекеттік қолдаудың көмегі көп болды», - дейді кәсіпкер. Бұған қоса, былтыр мұнай компаниясының жылыойлықтарға арналған бағдарламасына қатысып, тігін цехына қажетті құрал-жабдықтарын алған.

Айгерім Бөлтекова, кәсіпкер:

- Шілде айында ақшамыз қолымызға тиді. 4,5 млн теңге алдым, пайызсыз кредит. Яғни, нөл пайызбен. Ақшасын, мінекей, 6 ай каникулдан кейін қаңтар айынан бастап төлеп жатырмыз. Одан кейін мына Үкіметтің, әкімшіліктің жанынан қолдаулар мен жеңілдіктер алып, цех деңгейіне жеткен жайым бар.

Тігін цехында қазір 15 адам жұмыс істейді. Оның бесеуі «Күміс жас» жобасы бойынша келген. Мүгедектігі бар жандар да осында тігіншілікпен айналысып жүр.

Гүлшат Мұшақұлова, тігінші:

- Бұрын негізі басқа салада жасадым. Бірақ енді негізі, арғы оқыған мамандығым, осы – тігіншілік. Осында енді «Күміс жас» жобасы бойынша келдім. Тағы да жасап жатқан қыздар бар «Күміс жас» жобасы бойынша.

Аудан бойынша былтыр құны 5 млрд теңгеден асатын 181 жобаға несие берілген. Қазір кәсіпкерлер жұмысын жандандырып жатыр. Бұған қоса, биыл ауданда ет консервілеу цехы мен сүт шығаратын кәсіпорын жұмысын бастайды.

Алдияр Мейрамбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Ет цехы Шопартоғай ауылдық округінде орналасқан. Ол жерде мал сою пункті, етті консервілеп шығару цехтарын ашу жоспарлануда. Одан кейін бізде индустриалды аймақ бар. Өндірістік аймақ деп айтамыз ғой. Сол жерде сүт цехы салынды. Қазір енді 90%-ке бітті деп айта аламыз. Енді оның қызметін жақын арада қосады.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасын уақытша тоқтатуға тура келген. Өйткені былтырғы тасқыннан кейін осы жылға қаражат қарастырылмапты. Жалпы облыста былтыр 1300 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілген. Нәтижесінде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік бойынша өндірілген өнім көлемі 4 трлн теңгеден асады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz