Елдегі 7 мыңға жуық жеделсаты тұрғындар өміріне қауіп тудыруы мүмкін.
Өйткені олардың қолданылуы мерзімі 25 жылдан асып кеткен. Тіпті кейбір тұрғын үйлерде жарты ғасырға жуық жұмыс істеп тұрған жеделсатылар бар. Алайда мұндай лифтілер нағыз қауіптің көзіне айналып отыр. «Жедел шаралар қабылданбаса, ескірген лифтілерді тоқтатуға тура келеді», – дейді сала мамандары.
Семейдегі көп қабатты үйлердің басым көбінде лифтілер ескірген. Ұзақ жыл жұмыс істеп, бүгінде апатты күйге жеткен жедел сатыларға тұрғындар жанын шүберекке түйіп кіретін болған. 8 қабатта тұратын Әйгерім Қазкенова үшін баламен далаға шығып серуендеудің өзі – мұң. «Лифт істен шыққан күндері жоғары қабатқа баламен бірге жаяу көтерілеміз», – дейді.
Әйгерім Қазкенова, Семей қаласының тұрғыны:
- Балалармен оңай емес. КСК-дан сұрап едік, «Электрпроводкасы сына береді, сіздерге жақсы электрик керек», – деді. Бірақ енді көңілім толмайды. Көршілеріміз тұрып қалады. Есік жабылмай, ортасына келіп тұрып қалады, лифтіміз аптасына бір рет сынады.
Бүгін де елдегі көпқабатты үйлерде 37 мың лифт бар. Оның бес мыңының қолданылу мерзімі әлдеқашан біткен, тағы 2 мыңы апаттық жағдайда. 40 жыл бұрын құрастырылған қырық құрау лифтілер адамдардың өміріне үлкен қауіп төндіреді. «Сондықтан бұл мәселеге әуелі тұрғындардың өзі назар аударуы тиіс», – дейді мамандар.
Ержан Игібаев, Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті:
-Елде ескірген 7 мыңнан астам лифті бар. Енді олар адамдар үшін қауіп көзіне айналып отыр. Тұрғындар бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Елде лифтілерді жаңартуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Тұрғындардың 51 пайызы осы бағдарламаға қатысуға келісім берсе, жеделсатыны жаңартуға мүмкіндік болады. Оңтайлы тұсы, несие пайызсыз беріледі. Яғни оны тұрғындар 7 мен 15 жыл аралығында бөліп төлей алады.
Лифт мүлік иелерінің меншігі болғандықтан, оны ауыстыру шығындарын тұрғындардың өзі көтеруі тиіс. Оның апта сайынғы тексеріс жұмыстары, бөлшектерін ауыстыру шығыны да тұрғындардың өз мойнында. Жедел сатыларды жаңарту үшін өңірлерде модернизациялық бағдарламалар іске асырылып, осы күнге шейін 200 жаңа лифт орнатылды.
Қызғалдақ Медетова, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй құрылысын дамыту басқармасының басшысы:
- Бұл бағдарлама 24 жылы бұл күрделі жөндеу деп аталады. Күрделі жөндеуге бюджеттік несиелер арқылы 13,8 млрд теңге бөлінді. Ол жерде көпқабатты үйлерге жөндеу жүргізілді, ішінде лифтілерді ауыстыруға бюджеттік өтінімдер болды. Тағы да бір рет қайталап айтайын, бұл қайталама ақша. Жылма-жыл 15 жыл ішінде бөліп қайтаруы тиіс. Бұл мемлекеттің мүлкі емес. Бұл тұрғындардың ортақ мүлкі.
Жаңа жеделсатыны сатып алуға алуға мемлекет 15 жылға дейін пайызсыз несие береді. Қаржыны тұрғындар бөліп төлей алады. Мәселен, жаңа жеделсатының құны 14 млн теңге десек, 9 қабатты үйдегі әр пәтерге ай сайын 3 мың теңгеден төлеу керек болады. Бағдарламаға қатысып, оның игілігін көріп жатқан тұрғындар бар.
Наталья Салаева, «Пограничное 32» ЖШС директоры:
- Біздің үйдегі кейбір лифтілер 92 жылдан бері жұмыс істемей тұрды. Адамдар жаяу көтерілетін. Модернизациялаудың арқасында жедел сатылар қайта іске қосылды. Бір лифтіні жаңалауға шамамен 10 млн теңге қаржы жұмсалды.
Жедел саты – техникалық тұрғыдан аса қауіпті нысан. Қазақстандағы лифтілердің басым көбі ескіргенін ескерсек, бұл мәселенің елеусіз қалмағаны жөн.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz