Семейдегі оқу орындары балық шаруашылығын дамытуға ден қоя бастады. Жергілікті агробизнес колледжінің студенттері құбылмалы алабалық немесе бақтақ деп аталатын балық түрінің жүз мың шабағын өсіріп жатыр.
Жоба жетекшілері бұл бастама болашақ мамандарға тәжірибе жинауға үлкен сеп және өңір экономикасының өріс алуына ықпал етеді деген пікірде.
Бұрын соңды Семейде балық шаруашылығымен ешкім айналысқан емес. 2018 жылы колледж директоры Тұрсын Жандыбаев бекіренің бес түрінің уылдырығын сатып алған. Бәрі сәтті басталып, студенттер балық өсіру технологиясын біршама игеріп қалған еді. Алайда оқу өндірісін ұстап тұруға қаржы жетпей, ақыры жабылып тынды.
Тұрсын Жандыбаев, колледж директоры:
- Оқу өндірісі ғой, сондықтан оған көп шығын кетеді. Оның барлығына шамамыз келген жоқ. Екі-үш жыл кішкене тоқтап қалдық. Былтыр өзіміздің түлегіміз спонсор болып, бірінші партия икраға көмектесіп, сол икраны алғыздық. Содан бастап қазір жүргізіп жатырмыз.
Алабалық уылдырығы Даниядан алдырылыпты. Студенттер оны бірден өңдеп, инкубациялық шыны сауытқа салып қойған. Кішкене өсіп, жан біте бастаған кезде олар ағынды су құйылған науаларға көшіріледі.
Дидар Әділханова, агробизнес колледжінің оқытушысы:
- Бұл науаларда судың температурасы 10-12 градусты құрайды. Жалпы осы инкубациялық жабдықтан шыққан, лотоктан шыққан, сонымен қатар реестік аппараттан шыққан уылдырықтарды біз жаңағы ванналарда өсіретін боламыз. /скл/ Күніне 3-4 рет азықтандыру жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы өсу процесіне қарай өскен жаңағы шабақтарды бассейндерге жіберетін боламыз.
Колледж басшылығы мен студенттері елімізде балық шаруашылығын дамытуға мүдделі. Олар тіпті әр облыстан келген кәсіпкерлер үшін шеберлік сабағын өткізген. Уылдырық, шабақтарды өсіріп, күту, түрлі аурудың алдын алуға қатысты білген, түйгендерімен бөліскен.
Айдана Дарханова, студент:
- Газкөпіршік ауруы болуы мүмкін. Көздерінде, желбезектерінде газдың пайда болуы жиі кездеседі. Сондай-ақ суы тұрып қалған көл балықтарында жұқпалы аурудың таралуы әдеттегі құбылыс.
Колледж директоры Тұрсын Жандыбаевтың айтуынша, облыста болашақта алабалықты өңдеу ісін де жолға қоюға болады. Кептірілген, мұздатылған, консервіленген балықты экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар деп санайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев Ботакоз Дандыбаева, Берік Жобалайұлы
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz