RU
Толық нұсқаға өту

Сот жүйесіндегі реформаны халықаралық ұйым жоғары бағалады

04.03.2025, 17:16 570

Елдегі судъяларды кәсіби бағалау әдістемесі шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Сот төрелігінің тиімділігін арттыруға арналған дөңгелек үстелде саладағы жаңашылдықтар талқыланды. Оған шетелдік сот саласының өкілдері мен халықаралық ұйым басшылары қатысты.

Судьялардың 9-съезінде Мемлекет басшысы сот жүйесіндегі реформаларды атап өтті. Оның аясында ең алдымен соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың сенімін арттыруға басымдық берілуі тиіс.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентімен кездесуде заң мен тәртіп елдің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі үшін өзекті екенін айтты. Ал Памела Харрис елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларды жоғары бағалап, ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екенін жеткізді. Оның айтуынша, Сот әкімшілігі мен Жоғарғы соттың функцияларын бөлу әлемдік тәжірибедегі анағұрлым тиімді шешімдердің бірі болды.

Памела Харрис, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті:

- Қазақстан ел ішіндегі сот төрелігін реформалаумен қатар сот әкімшілігінің жаңа халықаралық стандартын қалыптастырып жатыр. Біз Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуды көздейміз. Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировтың дәл осы қауымдастықтың вице-президенті лауазымын иеленуі қазақстандық сот жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін айғақтайды.

Дөңгелек үстелде Жоғарғы сот төрағасы отандық әдістемеге тоқталды. Бұл құжат судьяларды жеке бағалау тәртібін жетілдіруге бағытталған. Мұнда негізгі процесс адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады. Жаңа әдістемеге ЕҚЫҰ, Еуразиялық одақ, ТМД елдері мен халықаралық қауымдастық өкілдері қызығушылық танытып отыр.

Арыстанбек Ыстыбаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:

- Басқа мемлекеттердің көбісінде әлі де билет алып, соған жауап беру сияқты әдістемемен жүріп жатыр сот төрелігінің сапасын бағалау бойынша. Ал бізде, мысалы, ІТ қондырғылар арқылы инновациялық әдістеме қолданып жатырмыз. Яғни, статистикалық модуль бойынша судъяның істеген істері, олардың күрделілігі жеке адамның қатысуынсыз ІТ-дан шығып тұрады.

Елде 2019 жылға дейін билет жүйесі қолданылып келді. Кейін дәл осы жаңа әдістеме енгізілді. Оны дайындауда кейбір елдердің тәжірибесі ескерілген және толықтырылған. Алдағы уақытта салада реформа жалғасады. Соның ішінде білікті кадрлар даярлау және тағы ақпараттық технологиялар енгізуге басымдық беріледі.

Асламбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:

- Инновациялық бастамалар сот процесін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер береді. Біз заманауи талаптарға негізделген және азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін сот жүйесін құруға ұмтыламыз. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы құқықтық нормаларға ғана емес, судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне де байланысты. Жоғары білікті мамандарсыз елде тиімді сот төрелігін қамтамасыз ету мүмкін емес.

Халықаралық қауымдастық мүшелері жақында Дубайда бас қосады. Памела Харрис Қазақстан өкілдерін онда сот жүйесін реформалаудағы жетістіктері туралы баяндауға шақырды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz