RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда әскери резерв жасақталады

04.03.2025, 20:14 2166

Елдің қорғаныс қабілетін арттырудың жаңа қадамы. Алдағы уақытта Қазақстанда әскери резерв жасақталмақ, деп хабарлайды 24kz.

Тиісті заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттың сүзгісінен өтіп, Президентке қол қоюға жолданды. Енді бұл құжатқа Мемлекет басшысы қол қойса, еліміздің Қарулы күштері қажетті жағдайда жылдам жұмылдырылатын, дайын әскери резервке ие болады. «Бұл мемлекеттің қорғаныс жүйесінің тиімділігін арттырады», - дейді сарапшылар.

Ел қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Біздің әскери доктринамыз да бейбіт сипатқа ие және қорғанысқа негізделген. Яғни, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған. Осы ретте әскери резерв жасақтау туралы заңды Сенат депутаттары мақұлдады.

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Резервке өткендермен 3 жылдық келісімшарт бекітіледі. Олар жылына екі айдан аспайтын дайындықтан өтеді. Оның ішінде 30 күндік жауынгерлік жиындар және ай сайынғы екі-үш күндік сабақтар қарастырылған.

Резервке өту ешкімге міндеттелмейді. Азаматтар келісімшартты ерікті түрде жасайды. «Осылайша, елдің қорғаныс іс-шараларына қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз етуге болады», - дейді құжат авторлары. Тағы резервке өткендерге бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР қарулы күштері бас штабының бастығы:

- Резервтегі сарбаздарға дайындық кезеңінде ең төменгі жалақы, ал жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төленеді. Оқу-жаттығу жиындары барысында олардың медициналық көмек пен азық-түлік алуға мүмкіндіктері бар. Тағы айта кету керек, резервтегі қызмет кезінде азаматтардың жұмыс орны да сақталады.

Әскери резервке кез келген азаматты ала бермейді. Тиісті талаптары бар. Атап айтқанда, азаматтар бұған дейін мерзімді әскери борышын өтеген болуы тиіс немесе әскери кафедрада білім алулары керек. Әрі темірдей тәртіптегі қызметке жарамды, бұрын істі болмаған қыз-жігіттер ғана талапқа сай.

Рустам Бурнашев, аумақтық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

- Қазір әлемде болып жатқан түрлі қарулы қақтығыстар мобилизациялық резервтің маңыздылығын көрсетті. Сондықтан қосалқы құрам жасақтап, оларды ұдайы түрде жаттықтырып тұру қажет. Ел басына күн туған кезде бұндай жүйе өзінің тиімділігін көрсетіп, әскердің соғысқа қабілеттілігін арттырады.

Яғни, бұндай қызметті енгізу арқылы еліміздің Қарулы күштері қажетті жағдайда жылдам жұмылдырылатын дайындалған әскери резервке ие болады. Бұл мемлекеттің қорғаныс жүйесінің тиімділігін арттырады. Жалпы жоспар бойынша биыл 2 мың адамды резервке алу көзделген.

Авторы: Риат Шони

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz