RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетті

04.03.2025, 20:24 717

Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетті, деп хабарлайды 24kz.

Астанадағы мектептердің бірінде ұстаздар заманауи технологияны күнделікті өмірде кәдеге жаратып жүр. Олар цифрлық көмекшіні күрделі жұмыстарды жылдам орындауға, мәдени шараларды жоспарлап, білім ошағының шаруашылығын жүргізуге қолданады. Тіпті оқушыларға арнайы дәріс те енген.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Мұғалімдер үшін ең қиын жұмыстардың бірі – сабақ жоспарын құрау. Бұрын оған кемінде 4-5 сағат жұмсалса, енді бұл жұмысты бірнеше секундта атқаруға болады. Себебі, ұстаздар жасанды интеллект көмегіне жүгіне бастаған. Жаңа технология әкімшілік жұмыстарды оңтайландыруға да септігін тигізген. Қазір бұл машықты оқушылар да меңгеріп жатыр.

Мөлдір Мақсұтқызы, мектеп директорының орынбасары:

- Сұранысты қалай дұрыс беру, академиялық адалдықты қалай сақтау. Себебі барлық үй жұмысын, барлық жазбаша жұмыстарды немесе проектілердің барлығын жасанды интеллект жасайтын болса, қаншалықты баланың еңбегі ішінде бар деген сияқты. Сабақтың үстінде жасанды интеллект құралдарын қолданады балалар. Себебі біз зерттеуге бағытталған әдіс-тәсілдерді көбірек қолданамыз да, бала соның ішінде өзінің медиа сауаттылығын қосады. Қайсы бұл жерде факті, қайсы дұрыс, қайсы шынайы? Міне, осылардың барлығын балаларға қоса үйретеміз.

Себебі, жас ұрпақ заман талабына сай бейімделуі керек. Болашақта олардың бұл қабілеті кез келген мамандықтың ажырамас бөлігіне айналуы мүмкін. «Қазірдің өзінде жасанды интеллектпен жұмыс істеуді талап ететін салалар бар», - дейді сарапшылар.

Данабек Қалиаждаров, Astana Hub бас директорының кеңесшісі:

- Уолл Стритті қарасақ, сіз қаржы маманы болып және сіз қосымша жасанды интеллект емес, ақпаратты өңдеу Python немесе арт тілін білсеңіз, сіздің бағаңыз жоғарылайды. Сол сияқты футбол саласында. Қазір бар салада сондай өзгерістер болып жатыр.

Яғни, бұл құралдарды қазірден бастап меңгерген адамның басқалардан бәсі жоғары болады. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Жаңа технологиялардың еңбек нарығына әсер етері сөзсіз. Жасанды интеллект салдарынан кей мамандықтың мазмұны өзгеріп, жаңалары пайда болуы мүмкін. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, алдағы бес жылда әлемде 170 млн жаңа жұмыс орны құрылады. Ал 92 млн адам жұмыссыз қалуы ықтимал.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ербол Дайыров, Берік Шарав

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz