Алматы облысындағы 35-ші гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасының Қонаев гарнизонының батальон психологы Аяжан Әміржанова тапанша атудан жарыстарда ел намысын қорғап жүр, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр республикамыздың қарулы күштері қатарындағы «Ең үздік әйел спортшы» атанды. Офицерлік үшсайыстан үш дүркін, Макаров тапаншасымен нысана көздеп атудан екі дүркін ел чемпионы болды. Аяжан халықаралық сайыстарда да жүлделі орындар алып жүр. Ол былтыр ТМД елдері әскерилері арасында тапанша атудан Ташкент қаласында өткен жарыста үшінші орынға ие болды. «Менің міндетім – әскери антқа адал болып, Отан алдында абыройлы қызмет ету», - дейді спортшы. Жалпы еліміздің қарулы күштері қатарында 12 мыңнан астам қыз-келіншек бар. Соның 800-і офицер, 6 мыңы келісімшарт бойынша қызмет етеді. Олардың арасында Аяжан сияқты жетістікке жеткен нәзік жандылар аз емес.
Аяжан Әміржанова, ҚР ҚК 35-ші Гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасының батальон психологы:
- Десанттық шабуылдаушы әскер қатарында қызмет ету – абыройлы міндет! Парашютпен секіретін сәтте жас сарбаздардың жанынан табылып, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетемін. Олармен бірге өзім де жеті рет парашютпен секірдім. Әскери психолог қарулы күштерге аса қажет мамандық. Әскер қатарындағы қыз-келіншектер мен барша қазақстандық аруларды халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын!
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz