RU
Толық нұсқаға өту

Көпбалалы ананың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады

07.03.2025, 19:22 765

Еліміздегі 833 мыңнан астам көпбалалы ананың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады.

Өңірде жыл сайын туу көрсеткіші артып келеді. Мамандардың айтуынша, демографиялық ахуалдың жақсаруына мемлекеттің қолдауы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы ықпал етуде.

Түркістан қаласының тұрғыны Гаухар Киізбаева – «Алтын алқа» иегері. Жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп отыр. Үлкен балалары мектепте оқиды, ал өзі үйде қалып, төрт кішкентайының күтімімен айналысады. Оның айтуынша, қазіргі кезде көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек пен жеңілдіктер жеткілікті.

Гаухар Киізбаева, «Алтын алқа» иегері:

- Жақында кішкентай балаларымның арқасында баспаналы болып жатырмын. Балаларға көмек аламыз. Алтын алқамыздың ақшасы бар, балаларға берілетін жәрдемақы бар. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Оған да рахмет. Барынша қолдарынан келгенше мемлекет көмектесіп жатыр. Соның өзіне қуаныштымыз. Автобустарға мінсек, ақша төлемейміз, тегін жүреміз.

Зәуреш Қожамбердиева – алты баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ол мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған қолдауға ризашылығын білдіреді. Қазіргі уақытта Түркістан қаласындағы облыстық басқармалар үйінде тазалықшы болып жұмыс істейді.

Зәуреш Қожамбердиева, «Күміс алқа» иегері:

- Осы жерде 3-4 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Тазалық жағына қараймыз. Барлық жерді тазалап, жуу біздің міндетіміз. Ешкімге ешқандай шағымым жоқ. Айлығымызды уақытылы аламыз. 8 наурыз меркесіне елеп, келгендеріңізге рахмет.

Түркістан облысында бүгінде 185 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Олардың ішінде 63 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар аналардың саны 118 мыңға жуықтайды. Ал Батыр ана және I-II дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған аналардың саны 5400-ге жетеді.

Айжан Беркімбаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:

- 8 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Оның 4,5 мыңға жуығы көпбалалы отбасылардың үлесінде. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Күміс» және «Алтын» алқамен марапатталған аналарға, бұрын «Батыр ана» атағын алған және I-II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға жергілкті бюджет есебінен 63 мыңнан астам анаға 510 млн теңге біржолғы көмек көрсетіледі. Қоғамдық көліктерде тегін тасымалданады.

Қазіргі таңда өңірдегі әрбір отбасында кемінде төрт-бес баладан өсіп келеді. Мамандар бұл үрдісті еліміздегі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының жақсаруымен байланыстырады. Әсіресе, Жетісай, Сарыағаш және Сайрам аудандарында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің саны айтарлықтай көп тіркелген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz