Маңғыстау облысында «Амал» мерекесі кең көлемде тойланып жатыр.
Аймақ жұртшылығы жылдағы дәстүрінен жаңылмай «Адай ата - Отпан тау» тарихи мәдени кешенінде бас қосты. Құшақ жая көрісіп, аға буын жастарға ақ батасын берді. Қаратаудың етегінде ат бәйге, тазы жарысы ұйымдастырылып, жүлдеге жеңіл көлік тігілді. Көрермен палуандар күресін, мерекелік концертті тамашалады. Көрісу күніне орай бүгін өңірдің барлық елді мекенінде ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.
Маңғыстаулықтар «Амал келді - жыл келді», «Бір жасыңызбен» десіп, Көрісу мейрамын 13 наурыздан бастап тойлайды. Кеше Маңғыстау ауданындағы Отпан таудың басында көпшіліктің қарасы қалың болды. Халық құшақ жая көрісіп, театрландырылған қойылымды көрді. Бауырлас түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен елінен өнерпаздар арнайы келіп, мереке маңызын арттыра түсті.
Намиг Асланулы, жыршы /Әзербайжан/:
- Наурыз - түркітілдес елдерге ортақ мейрам. Бауырлас мемлекетте Көрісу күнін «Амал келді - жыл келді» деп 14 наурыздан бастап тойлауында үлкен мән-мағына бар. Таудың басында киіз үйлер тігіп, кешқұрым бірлік оты жағылуы мені қайран қалдырды. Бұл дәстүрдің ертеден бастау алғанын естіп, ата салтын ұлықтаған бауырлас елге құрметім арта түсті.
Роза Раджапова, дәстүрлі әнші /Өзбекстан/:
- Маңғыстаулықтарды, қазақ халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Тарихи тамыры терең, мазмұны бай мейрамға арнайы қонақ ретінде қатысып тұрмын. Бүгін сахнада әз Наурыз туралы әнді қазақ және өзбек тілінде шырқадым. Көрерменнің ыстық ықыласпен қабылдағанын көріп, қуандым.
Ұлық мейрам аясында Отпан тау етегіндегі «Қарашаңырақ» ғимаратында суретшілер пленэрі ұйымдастырылды. Мақсат - Амал мерекесінің мән-маңызын көпшілікке дәріптеу. 20 қылқалам шебері салған картиналар көрмеге қойылып, қаржылай жүлдеге ие болды.
Серікқали Сырымов, суретші:
-Тапсырма берді 1 ай бұрын. Осындай «Амалдың ақ таңы» деген тақырыпты қойды. Соған байланысты біздер өз композициямызды немесе табиғат көрінісін ұсынуымыз керек болды. Соған байланысты салдым. Дәл осы Отпан таудың басында өзімнің қиялымнан әр фигураны алып, әжемізді, атамызды, баламызды қызықты болсын деп осындай етіп салдым суретті.
Онбірхан Құдайбергенов, Алматы облысының тұрғыны:
- Іле ауданы Жайнақ ауылынан келіп тұрмын осында. Осы Адай атамыздың кесенесі ашылды деп естігеннен кейін оған да пәленбай жыл болған екен. Иншалла, бірінші рет келіп тұрмын бұл жерге. Бұл мейрам бүкіл халқымыздың, қазақ баласының ауызбіршілігін танытатын нәрсе. Келешекте осылай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсе екен деймін.
Көрісу күні маңғыстаулықтардың көшеде, тіптен жұмыс орнында ұлттық киіммен жүруі көз қуантады. Мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары биыл дәстүрінен жаңылған жоқ. Айта кетсек, «Көрісу» күні облыстың барлық елді мекенінде мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр. Бүгін кешкісін Ақтауда теңіз жағалауында өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz