Қызылордада этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ата-бабадан жеткен дәстүрді дәріптеді, деп хабарлайды 24kz.
Әр үйде қазан көтеріп, Наурыз көже әзірленіп жатыр. Тілегі мен ниеті бір жұрт Наурызнама онкүндігі аясындағы Ынтымақ күніне осындай әр берді. «Басты мақсат – береке мен бірлікті нығайту», - дейді ұйымдастырушылар.
Наталья Мишукованың отбасы Наурыз меркесін ерекше сән-салтанатымен қарсы алады. Қазақ отбасының келіні Ұлыстың ұлы күні ұлттық тағамның түр-түрін әзірлейді. Соның ішінде наурыз көже дайындауға ерекше ынта-шынтасымен кіріседі. Қазақ отбасының келіні тоқшылық пен ырыстың жоралғысындай болған бұл тағамды туған жері Арал аймағында дайындалатын ерекше әдіспен жасайтынын айтады.
Наталья Мишукова, қала тұрғыны:
- Міндетті түрде сүрленген еттен дайындалу керек. Және соның сорпасына түрлі дәндерді қосып, дайындап әзірлеп, міндетті түрде ең соңынан қамыр қосылып, сүзбеге араластырып, сөйтіп береміз.
Шаған ауылының тұрғыны Тумиш Лободанова да жыл басын көрші-көлеммен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Дастарханға қазақтың басты ұлттық тағамы – ет қойып, қонақжайлық көрсетеді. «Ауылдағы ағайынның ауызбірлігі осындай шараларда нығая түседі», - дейді шешен этносының өкілі.
Тумиш Лободанова, Шаған ауылының тұрғыны:
- Өзім Жалағаштың қызымын. Бірақ 35 жылдай болды Шағанда тұрып жатырмын. Өте жақсы, шешен демейді, қазақ демейді, сыйлайды, барлық іс-шараға шақырады. Жақсы, ризамын. Татулық, бірлік болсын дейміз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Ынтымақ күніне орай достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, ұлттық ойындарды ұлықтады. Олар қол күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату секілді бірқатар спорт түрлерінен өзара сынға түсті.
Бақытжан Камалов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры:
- Мұндағы мақсатымыз – біздің береке, бірлігімізді одан әрі дәріптеу, жалғастыру. Одан бөлек, жергілікті этномәдени бірлестіктің жетекшілері, ассамблея мүшелері осы шараға белсенді түрде қатысып, ұлттық тағамдарды әзірлеп, ауызашар рәсімін өткізіп жатырмыз, дәстүрге сәйкес. Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Осы 30 жылдықтың аясында түрлі бағыттағы шаралар өткізілуде.
Облыстық ассамблея Наурызнаманың әр күніне арнап танымдық шаралар ұйымдастырған. «Игі бастамаға этнос жастары белсенді қатысуда», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев, Айтмұхамбат Байділдаев
Тегтер #Қызылорда #этнос өкілдері #Наурыз мейрамы #наурыз көже #Наурызнама онкүндігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz