RU
Толық нұсқаға өту

Бүгін — Ұлыстың ұлы күні

22.03.2025, 07:00 944

Бүгін күн мен түннің теңелетін, көктемнің лебі есетін Ұлыстың ұлы күні.

Түркітілдес халықтарға ортақ мейрам – Наурыз мерекесі төрімізге осылайша жайғасып отыр. Адамдар арқа-жарқа болып, қыстан аман-есен шыққанына қуанатын төл мейрам. Ал Наурызнама бойынша бұл күн күнтізбенің бастауы, яғни Жыл басы саналады. Тарихшылар мен этнографтардың айтуынша, осы мейрамда ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғырту – маңызды.

Наурыз – әлемнің ең көне мейрамдарының бірі. Орталық Азия жұртшылығы оны 5 мың жыл бойы тойлап келеді. Ертеде көшпенді қазақ мал-жанының қыс мезлігінен аман шыққанына қуанып, көктемді жыл басы санаған. О заманда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу 8-9 күнге созылып, «Наурызнама» деп аталған. Ал қазір елімізде тарихи дәстүрлерді жаңғырта отырып, мейрамды тойлаудың жаңа онкүндігі орнығып жатыр.

Батырхан Жұмабай, этнограф:

- Наурыз күн мен түннің теңелуі, аяздардың, қыстың қаһарының кетуі, әлі қыстың қаһары бар, құлшылдап әлі жүр шыға алмай. Ал 22 наурыздан бастап қыстың қаһары бәсеңдейді. Яғни су жібіп, қар еріп, ағыстардан су аққан кезде мұның барлығын жылдың басы деп, соны ырымдаған қазақ халқы қатты қыста емес, жылдың басы әрқашан көктем мерекесі.

Жер-ананың бусанатын, адамзаттың еңбектенетін, қайырымдылық жасайтын, үлкеннің батасын алып, бір үйлесімге келетін кездің бастауы деп, ата бабамыз бұл күнді Жыл басы санаған. Мерекеге орай қазақ халқы арқаны кеңге жайып,  30 күн ойын, 40 күн тойын жасаған.

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы:

- Григориан календарі бойынша жаңа жыл басталады. Самарқанның көк тасы еріп, жылқышы торғай келді. Аспаннан аз келді, далаға қаз келді дейтін. Яғни осы күні Күн ұтады. Көктемнің келуін, күннің жылынуын жаңа жылдың басы ретінде қабылдаған ата-бабамыз.

Уақыт өте қазақы салт-дәстүрдің ақсап қалғаны белгілі. Дегенмен қазір тарихты қайта жаңартып, оны заман талабына сай үйлестіру міндеті бар. Мәселен, Наурызнама – 14-і мен 23-і аралығында 10 күн бойы мерекеленеді. Оған сай әр күннің атауы мен жекелеген бағыты бар.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы ұлттық құндылығымызды дәріптеу өте маңызды. Қазақылығымызды, ел-жұртымыздың мыңдаған жылдық тарихы барының көрінісі. Көктің жұпар иісі аңқи бастайды. Адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Күнің ұзарады, көңілің көтеріледі. Бір-біріне жылы қарым-қатынас пайда болады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Наурыз айы – жаңа дәуренді айшықтайтын, өткенді саралап, бүгінгіні бағамдайтын кезең. Биылғы мереке осымен екінші жыл қатарынан Наурызнама дәстүрі арқылы қайта жаңғырып, жоғары деңгейде аталып жатыр. Бұл ұлттық болмысты жоғалтпаудың бірден бір жолы екені сөзсіз.

Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz