Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді, деп хабарлайды 24kz.
Оған бюджеттен қомақты ақша бөлінеді. Жобалардың жартысы жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы мәлімдеді. Президент Үкімет пен жергілікті билік өкілдеріне кешенді жоспардағы барлық міндетті сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.
Бурабайдағы демалыс орындары қысы-жазы туристерден үзілген емес. Яғни, демалушыларға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету маңызды. Президент осы мәселеге мән беріп, нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан өңірдегі туризмді дамыту үшін кешенді жоспар қабылданды.
Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Кешенді жоспар аясында шамамен 120-ға жуық шара қолға алынады. Қазір соның 30-ы басталды. Бұл жобалар жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы ауқымды жоба негізінде курортты аймақта жаңа демалыс алаңдары пайда болады. Мәселен Ақбура туристік аймағын дамыту, Қатаркөлдегі балалар демалатын орындарды жанғырту және Жөкей өзенінің жағасына қолайлы жағдай жасау. Әзірге осы жерлердің инфрақұрылымын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Курортты аймақтың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Дегенмен, табиғатты қорғау талаптары да қатаң сақталуы керек. Себебі, Бурабайдағы экологиялық ахуал онсыз да көңіл көншітпейді.
Шынарбек Батырханов, Туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы:
- Қазір экология мәселесі Бурабайда ең бірінші мәселе болып тұр. Неге десеңіз, тек жазғы уақытта бір жарым миллион турист келеді. Мыңдаған келіп жатқан көлік бар. Жеңіл көлік бар, туристік экскурсияға келетін автобустар бар. Қазір осы бағдарламада сол экология мәселесіне көп көңіл бөлініп жатыр.
Бұдан бөлек, Бурабайда жаңа конгресс-орталық салынады. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жаңа орталық туристік маусымнан тыс уақытта да жұмыс істейтін болады.
Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Бұл көпфункционалды кешен 2000 адамға арналады. Мұнда көбінесе көпшілік іс-шарала өткізіледі. Яғни, концерт, көрмелер мен спорттық шараларда ұйымдастарылады. Құрылыс жұмыстары қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Өңірдің туристік әлеуеті Бурабаймен ғана шектелмейді. Зерделі Зеренді, Сандықтау мен Ақкөл аудандары бар. Бірақ қазір бұл аймақтарда туризм саласы тұралап тұр. Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысы осыған ерекше екпін түсіріп, үш аудандағы туризмді дамытуды тапсырды. Бұл Бурабайдағы туристік жүктемені азайтуға едәуір мүмкіндік береді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Бурабай #туризм #бюджет #инвестиция #демалыс орындары
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz