RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте 32 көшенің атауы жоқ

25.03.2025, 08:00 933

Шымкент қаласында 32 көшенің әлі атауы жоқ.

Жалпы жол картасы бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 185 көшенің атауын өзгерту және жаңадан атау беру мәселесі ұсынылды. Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының өкілдері мәлімдеді. Осыған орай, ономастика бөлімінің мамандары көпшіліктің ұсыныстарын саралап, тыңдалымдар өткізіп келеді. Бурабайда өткен IV құрылтайда Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударған болатын.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Біз тұрған Сайрам тұрғын алабы қала картасына кейіннен енгізілген елді мекендердің бірі. Тұрғындардың айтуынша, мұнда әлі күнге дейін алты көшенің атауы жоқ. Сонымен қатар, ықшам ауданның атауы да бірнеше көшеде қайталанады.

Сайрам – тарихи-мәдени мұраларға бай көне шаһар. Мұнда саяхатшыларға бес түрлі туристік бағыт ұсынылып, сансыз бабтар мекені таныстырылады. Алайда атаусыз және қайталанатын көшелер келушілердің бағытынан жаңылуына себепші болып, жергілікті тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге кедергі келтіруде.

Икрамжан Сыдықназаров, қала тұрғыны:

- Көшесінің атын білмегеннен кейін бәрі новостройка деп атап кеткен. Кейін тупик-1, тупик-2 деген көшелер көп. Аты жоқ болғаннан кейін асфальт жоқ, свет тартылмаған. Әлі көшеде нөмірі жоқ үйлер бар. Солардың бәрін ілу керек. 

Қала билігі бірнеше рет қайталанатын көшелердің атауын өзгертуге басымдық берді. Себебі Сайрам, Саттарханов, Бәйдібек би, Байтұрсынов және Мәншүк Мәметова атындағы көшелер мен даңғылдар қала аумағында жиі кездеседі. Мұндай атаулардың қайталануы жедел жәрдем мен құтқару қызметтерінің жұмысын қиындататыны анық.

Райгүл Есенәлиева, қалалық жедел-жәрдем медициналық көмек көрсету стансасының меңгерушісі:

- Қазіргі таңда 106 бригада бар. Толықтай тәулігіне 2 мың шақыртуға барып үлгеріп жатырмыз. Шамалы қиындық тудырады. Мысалы жаңа құрылыс нөмірсіз үй болса бригада ондай жағдайда таппайды. Міндетті түрде шақыртушыдар 2 немесе 3 нөмір сұраймыз телефонның. Себебі бірі өшіп қалуы мүмкін. Сөйтіп таппай қалады. Уақытылы жету үшін қасындағы ориентирлерді анықтап аламыз. 

Шымкентте барлығы 3500-ге тарта көше бар. Былтыр жол картасы бойынша олардың 283-не жаңа атау беріліп, аты қайталанатын 82 көше өзгертілген. Ал биыл ономастика өкілдері 185 көшенің тізімін жасақтап, салалық министрліктің келісіміне ұсынылғанын айтады. Нәтижесінде 12 көшенің атауына қатысты көпшіліктің тыңдалымы өткізіліп жатыр. 

Мадина Өтепова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы:

- 2 аллея, 2 атауы жоқ көше. Қалғандары идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер. Ол бойынша қазіргі таңда көше тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарымен келісім жүргізіліп жатыр. 1-сәуірге дейін уақыт берілген. Одан кейін көпшілік тыңдауға салынып, арнайы заңдастыру жұмыстары жүргізіледі. 

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесі де талқыланды. Мемлекет басшысы ел аумағында атауы қайталанатын немесе мүлдем аты жоқ мыңдаған көшенің бар екеніне назар аударып, оларды ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ жеке меншік нысандарға атау беруде жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz