Қазақстан Америка Үкіметіне жалға жер учаскесін береді, деп хабарлайды 24kz.
Алматы қаласынан бөлінетін бұл жер теліміне АҚШ-тың консулдық мекемесінің үй-жайы салынбақ. Бүгін Мәжіліс осы келісімді ратификациялады. Аталған құжат Қазақстан мен АҚШ арасында стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Келісімге былтыр Нью-Йоркте қол қойылған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2019 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 74 сессиясы нәтижесінде АҚШ консулдығына жер беру туралы тапсырма берген болатын. Жалға берілетін жердің аумағы – 7,5 гектар. Енді АҚШ үкіметі бір жолғы төлеммен 25 млн АҚШ долларынан астам қаржы төлейді. Сонымен қатар Америка үкіметі жер учаскесі мен ғимаратқа қатысты салықтар мен басқа төлемдерден босатылады. Алайда құрылысты салып, күтіп ұстау және жөндеуге байланысты барлық шығындарды төлеуге міндетті. Нысанды американдық компания салады.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Келісімнің күшіне енуі Қазақстанның саяси және практикалық мүддесіне сәйкес келеді. Біріншіден, аталған жер учаскесін жалға беру келісімінің арқасында Қазақстанға АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында еліміздің бас консулдығын ашуға рұқсат берді. Екіншіден, АҚШ тарапымен алдын ала келісілгендей аталған заң жобасы ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Хьюстонда (Техас штаты) тағы бір Қазақстан консулдығын ашуға рұқсат береді.
Тегтер #Алматы #мәжіліс #жер учаскесі #келісімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz