Бүгіннен бастап автокөлік иелеріне арналған жаңа цифрлық қызмет іске қосылды.
Енді азаматтар кез келген темір тұлпар иесіне анонимді хабарлама жібере алады. Ал осы айдың соңына қарай отандастарымыз жеке куәлік алу үшін тапсырысты онлайн береді. Яғни бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтудің қажеті жоқ. Бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет пен цифрландыру мәселесі талқыланды. Серпілісі мол салаға серпін беру жайы қаралды. Билік пен бизнес бас қосып, бірқатар ұсыныс айтылды.
Сәуір айының соңына қарай отандастарымыз жеке куәлік алуға онлайн тапсырыс бере алады. Яғни азаматтар енді ары-бері сандалмастан құжатты алу үшін тек eGove платформасына өтіп, фото мен қолтаңбасын жүктесе болды. Әрі қарай төлем жасап, SMS-хабарлама күтеді. Жасанды интеллектің арқасында ХҚКО-ларының жүктемесі бір жылда 1 млн адамға азаяды деп күтілуде.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ең сұранысқа ие қызметтің бірі жеке куәлікті ауыстыру. Бұрын азаматтардың ХҚКО келуі, фотоға түсуі және ұзақ кезекке тұруы қажет болатын. Айдың соңына дейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа өтетін болады. Кезексіз, бәрі үйден шықпай-ақ жасалады.
Автокөлік иелеріне арналған жаңа цифрлық қызмет іске қосылды
Саладағы келесі жаңашылдық автокөлік иелерінің жұмысын жеңілдетеді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңа цифрлық қызмет. Бүгіннен бастап кез келген көліктің терезі ашық болса, дөңгелегі жарылса немесе жолдан өтуіне кедергі келтірсе техниканың мемлекеттік номерін теріп, иесіне анонимді хабарлама жіберуге болады. Ақпарат меншік иесіне тікелей жетіп, ол өзінің темір тұлпары туралы хабарды жедел алады. Сосын Еуропротокол тетігін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тағы бір цифрлық жүйе іске қосылды.
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы:
- Еуропротокол тетігі арқылы 100 АЕК-ке дейін құрайтын жол апатын полициясының қатысуынсыз және соттарға жүгінбей реттеуге болады. Осылайша мемлекеттік органдарға жүктемені азайтып, төлемдерді алу процесін жеделдейді. Біздің dtp.kz сақтандыру жағдайларын реттеу өніміміз күнтізбелік 5 күн ішінде төлем жасайды. Ал нарық бойынша төлемдердің орташа мерзімі 92 күнді құрайды. Дегенмен, мемлекет жасап отырған барлық жағдайға қарамастан Еуропротокол тетігін пайдалану үлесі төмен.
Кәсіпкер Еуропротокол тетігін 102 және eGov сияқты қосымшалармен интеграциялауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жол трафигі мен соттың жүктемесін азайтады. Ал көлік иелері шығынды жылдам ала алады. Жалпы бизнес мемекеттік қызметті цифрландыруға белсене кіріскен. Мысалы елдегі бір ғана танымал мобильді қосымшаны ай сайын 10 млннан астам адам пайдаланады. Оның көмегімен бюджетке 2,2 трлн теңге салық пен түрлі төлемдер түсті.
Михаил Ламтадзе, KASPI.KZ басқарма төрағасы:
- Былтыр 2023 жылмен салыстырғанда бюджетке салық 34%-ға көп төленді. Биыл салық құятын азаматтар саны 7,5 миллионға жетті. Бұдай нені байқауға болады? Өте қарапайым динамиканы аңғарамыз. Біз кәсіпкерге ыңғайлы жағдай жасадық. Оған ешқандай қиындық тудырмаймыз, қазынаға қанша төлеу керек екенін нақты айтып, өзіміз есептеп береміз. Нәтижесінде отандастарымыз бен бизнес салықтарын төлеп, онлайн қызметтерге қосылады.
ХҚКО жүктемесін екі есе азайту жоспарланып отыр
Иә, бизнес белсенді, соның арқасында ХҚКО-ның жүктемесі де азайып келеді. Былтыр 15 млн мәрте қызмет көрсеткен. Енді бұл көрсеткішті екі есе қысқарту жоспарланып отыр. Дегенмен бұл ХҚКО-тары жабылады деген сөз емес. Тек жүктеме азайып, ұзын-сонар кезек қысқарады.
Ростислав Коняшкин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- Цифрландыру, бірінші кезекте, ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл жұмысты кез келген жағдайда жалғастыратын боламыз. Әрине қажет болған жағдайда офлайн форматында қабылдау жүргізе береміз. Сондықтан ХҚКО-тары жұмысын жалғастыра береді. Бірақ 92% мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Десе де, кез келген орталықтардың жұмыс істеуін, халыққа офлайн форматта көмек көрсетуін қолдаймыз.
Цифрландыру саласы үкімет басшысының жеке бақылауында болады
Мемлекеттік қызметті онлайн алудың машақаты да жоқ емес. Кейде Егов сайты жүктемені көтере алмай, істен шығып жатады. Әсіресе оқушыларды мектепке тіркеу ісінде шалалық көп. Премьер-министр отырыс барысында E-Gov инфрақұрылымы 24/7 режимінде мінсіз жұмыс істеуі керек екенін атап өтіп, серверлік жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бағытында қосымша шаралар қабылдауды тапсырды
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Көрсетілетін онлайн қызметті одан әрі арттыру үшін жоғары жылдамдықты интернеттің жаппай қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Бұл тұрғылықты жеріне қарамай, барлық азаматтық электрондық мемлекеттік қызметтерді толық алуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіре отырып, шығындарды азайту қажет. Дербес деректер мен цифрлық қауіпсіздікке баса назар аударған жөн.
Иә, міндет ауқымды, бастысы оны еңсеруге мүмкіндік жетеді. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік 10 еліне кірді. Ал цифрландыру деңгейі бойынша 24-орында тұр. Демек, еліміз 170-тен астам мемлекетті басып озды. Бірақ Үкімет мұнымен шектелмей, әрі қарай да салаға серпін беруді жалғастырмақ. Ілкімді істің орындалу барысын Премьер-министрдің өзі жеке бақылауына алды.
Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ақылбек Есімсейітов
Тегтер #жеке куәлік #онлайн #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz